Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен Terra Wortmann Open турнирінің екі дүркін жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ATP 500 санатындағы жарыс финалында Бублик ресейлік Даниил Медведевті 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңіп кетті. Естеріңізде болса, Бублик бұл турнирде 2023 жылы да үздік шыққан, ол кезде де финалда ресейлік теннисші Андрей Рублёвті ұтқан.
Бұл жеңіс Бублик үшін 2025 жылғы маусымдағы алғашқы және мансабындағы бесінші ATP титулы болды. Бұған дейін ол мына турнирлерде чемпион атанды: ATP 250 Монпелье (2022), ATP 500 Галле (2023), ATP 250 Антверпен (2023), ATP 250 Монпелье (2024).
Галледегі турнир барысында Бублик төрт рет сенсация жасап, әлемнің үздік теннисшілерін тізе бүктірді: италиялық Янник Синнер (1-орын), чех Томаш Махач (23-орын), ресейліктер Карен Хачанов (21-орын) пен Даниил Медведев (11-орын).