30 маусым мен 7 шілде аралығында әлем жанкүйерлерінің назары Астанаға ауады. Аталған уақытта бокстан World Boxing әлем кубогының үшінші кезеңі елордада өтеді. Әлемдік бокстағы ірі спорттық оқиғаны абыроймен атқару үшін Қазақстан қызу дайындалып жатыр. Осы орайда El.kz интернет порталы Астанада өтетін әлем кубогы жайлы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады.
Әлем кубогы Олимпиадаға іріктеу турнирлерін өткізетін World Boxing ұйымының қолдауымен өтеді. Бұған дейін кубоктың екі кезеңі Бразилия мен Польшада ұйымдастырылды. Үшінші кезеңді бокстан әлем үздіктерінің бірі саналатын Қазақстан қабылдауда.
Астанадағы әлем кубогында 31 мемлекеттен келген 300 боксшы бақ сынайды. Бұл қатысушылар саны бойынша кішігірім рекорд саналады. Себебі, Бразилиядағы турнирге 19, Польшадағы бәсекеге 24 елден боксшылар қатысқан болатын. Сондай-ақ 8 мемлекет әлем кубогына алғаш рет қатысқалы отыр.
Елімізде өтетін турнирге АҚШ, Австралия, Англия, Канада, Колумбия, Қытайлық Тайпей, Болгария, Италия, Франция, Германия, Өзбекстан және тағы да басқа мемлекеттерден үздік былғары қолғап шеберлері келеді. Олардың қатарында әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтар болсақ, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов (Әзербайжан), 2022 жылғы әлем кубогының жеңімпазы Салах Ибрахим (Германия), Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Магомед Шахидовтар (Германия) Астана төрінде күш сынасады.
Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдерден нөмірі бірінші спортшыларды жарысқа қосады. Әзірге, құрам жасақталып жатыр. Сербиядағы әлем чемпионатында топ жарған боксшы қыздар ұзақ үзілістен соң осы бәсекеде сынға түседі.
Турнир жалпы есебі 20 салмақ дәрежесінде өтеді. Ерлер -10, әйелдер – 10 салмақта бақ сынайды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингілік ұпайлар беріледі. Алтын жүлдегерлер – 300, күміс жүлдегер – 200, қола жүлдегер – 150 ұпай алады.
Бокстан АҚШ пен Канада құрамалары Қазақстанға ұзақ үзілістен кейін алғаш рет келіп отыр. Бүгінде олар ұлттық құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Әлем кубогы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өтеді. Кіру тегін.
Әлем кубогының финалдық кезеңі қараша айында Үндістанда өтеді.