Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президенттің сөзінше, соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады.
Тоқаев мемлекеттің құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән беретінін және осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізілгенін алға тартты.
2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз, – деді президент.
Сонымен қатар отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау мәселесі де сөз болды. Тоқаев бұл бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалып жатқанын айтты.
Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді, – деді ол.
Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайған.
Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғыратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ, – деді Тоқаев.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылып жатқаны сөз болды. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасты. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Бірақ әлі жоғары деңгей сақталып отыр. Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіреді.
Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 триллион теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Бас прокуратура бұл жұмысты жалғастырғаны жөн, – деді ол.
Тоқаев бұған дейін 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланғанын айтты.