in

Байқоңырда ғарыштық туризм неге дамымай жатыр?

Ғарыштық әлеуеті зор Қазақстан бұл бағыттағы туристер санын 2028 жылы 20 мыңға, ал 2030 жылға қарай 50 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі таңда ғарыш айлағын тамашалауға жыл сайын шамамен 10 мың адам ғана келеді.

Жалпы, соңғы жылдары әлем бойынша ғарыштық туризмге деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Себебі адамдар ерекше әсер сыйлайтын тәжірибе іздейді. Оның үстіне бұл саладағы туристердің басым бөлігі – ауқатты адамдар. Олар ерекше эмоция үшін қомақты қаржы төлеуге дайын. Ал Қазақстанның бұл тұрғыда Орталық Азия бойынша бәсекелесі жоқ.

Алайда, соған қарамастан, еліміз ғарыштық туризмді әлі толық дамыта алмай отыр.

Әлемге аты шыққан, атақты Байқоңырға келгенде біз ғарыштық туризмнің қалай дамып жатқанына куә боламыз деп ойлаған едік. Алайда көңіліміз су сепкендей басылды. Себебі бұл қала туристер көп баратын бағыттан гөрі ұмыт қалған аймақ сияқты көрінді.

Бұл фотолар қаладағы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелердің айқын көрінісі. Бей-берекет нысандар мен қараусыз қалған ғимараттарға қарап, өзімізді өткен ғасырға түсіп кеткендей сезіндік.

Ғарыш айлағынан әдемі көрініс, ерекше эмоция алуға келетін туристердің бұл үйлерді көргенде қандай сезімде боларын елестету қиын емес. Оның үстіне қалада тазалық нашар. Байқоңырға кіре беріс тұста үйіліп жатқан қоқыстар еріксіз көзге шыққан сүйелдей болып, есіңізде біразға дейін жатталып қалады.

Байқоңырда ғарыштық туризмнің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – қалаға кіру тәртібінің күрделілігі. Туристер бұл аймаққа өз бетінше келе алмайды, себебі мұнда қатаң бақылау жүйесі сақталған. Рұқсат қағазы тек «Роскосмос» ұйымымен жұмыс істейтін, аккредитациясы бар туроператорлар арқылы беріледі. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі қонақтарын еркін қабылдай алмайды. Олар да алдын ала рұқсат рәсімдеуі қажет.

Сонымен қатар турлардың бағасы да көпшілік үшін қолжетімсіз. Туроператорлардың мәліметінше, сапар құны кем дегенде 500 мың теңгеден басталады.

Кедергілердің тағы бірі – турларды ұйымдастыру жүйесінің әлсіздігі. Байқоңырға тек аккредитациясы бар операторлар арқылы баруға болатындықтан, сапардың барлық шарты, бағасы, бағдарламасы мен мерзімі туристік компаниялар тарапынан белгіленеді. Күндер ұшырылымдарға байланысты бекітіледі, орын саны шектеулі, ал құжаттарды рәсімдеу белгілі бір уақытты талап етеді.

Ғарыштық туризмнің қарқынды дамымауының тағы бір себебі – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Қалада шамамен төртке жуық қонақүй ғана жұмыс істейді, ал олардың бағасы шағын бөлмелер үшін тәулігіне 35 мың теңгеден басталады. Қызмет көрсету деңгейі мен баламалардың шектеулігін ескерсек, мұндай ұсыныстарды жаппай туристер үшін қолжетімді деу қиын.

Соның салдарынан Байқоңыр шетелдік ғарыш орталықтарымен салыстырғанда күрделі әрі көпшілікке қолжетімсіз бағыт ретінде қалып отыр.

Жағдайды күрделендіретін тағы бір фактор – қаланың ерекше құқықтық мәртебесі. Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілген және оны басқару «Роскосмос» ұйымының қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл қосымша шектеулерді көбейтіп тұр. Туризмді дамыту Қазақстанға ғана байланысты емес, мемлекетаралық келісімдерге де тәуелді. Сондықтан кез келген өзгеріс ұзақ келіссөздерді қажет етеді және бірден жүзеге аса бермейді.

Осы қос бақылау жүйесі қаланың туризм саласында икемді дамуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар Байқоңыр туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де туристер ағынына әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

Еліміздің Туризм және спорт министрлігі зымыран ұшырылымдарымен шектелмей, олардың арасындағы кезеңдерге арналған мәдени-танымдық, білім беру және ойын-сауық бағдарламаларын енгізуді жоспарлап отыр. Осы шаралар арқылы алдағы төрт жылда келушілер санын 50 мыңға дейін арттыру көзделген.

2025 жылы 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Кешен Қазақстанның ТОП-10 туристификация картасына енгізілген. Тұжырымдама аясында 43 іс-шара көзделген, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, қолжетімділікті арттыру және тұрақты туризмді дамыту бағыттары бар. Биыл Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының хаттамасына сәйкес, рұқсатнамаларды рәсімдеу мерзімдері шетелдік азаматтар үшін – 10 күнге дейін, Қазақстан және Ресей азаматтары үшін 5 күнге дейін қысқартылды, – дейді еліміздің Туризм және спорт министрлігінің мамандары. 

Ал «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Берік Сауиев Байқоңырды студенттер арасында кеңінен таныту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осы жылдың көктемінде Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына студенттер үшін экскурсиялар ұйымдастыру туралы ұсыныс хат жолданды. Негізінен біз арнайы лицензиясы бар туроператорлар арқылы жұмыс істейміз, олар үшін жеке прейскурант бекітілген. Егер үшжақты меморандум жасалса, баға төмендеуі мүмкін. Өкінішке қарай, әзірге жеке туристерді қабылдай алмаймыз, – деді ол.

Авторы: Аружан Рашитқызы

Төрешілер былығына федерация кінәлі ме? І Бізде бомбардирлер жоқ І «Астанаға» обал болды

Талант, тәртіп және төзім: GGG формуласын кім бұза алады?

140 балл және «Алтын белгі» мектебі: жоғары нәтиженің құпиясы неде?

«Таза ауада серуендемейді»: дәрігер бала дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін факторларды атады

Ван Дейкті сан соқтырған футболшы: «Шахтердің» жаңа бас бапкері жайлы не білеміз?