Әлемде ауызсу қоры азайып келеді. Сарапшылардың айтуынша, су тапшылығы ХХІ ғасырдың ең өзекті экологиялық мәселелерінің біріне айналып отыр.
Су тапшылығы: әлемдік мәселе
Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, Жердегі судың тек шамамен 3%-ы ғана тұщы су, ал оның небәрі 0,5%-ы ғана адамға тікелей қолжетімді. Соған қарамастан, адамзат бұл ресурсты шамадан тыс пайдаланып келеді. Соңғы 100 жылда тұщы су тұтыну көлемі шамамен 6 есеге артқан. Бүгінде әлем халқының жартысына жуығы жыл сайын кем дегенде бір кезеңде су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай бұл мәселе 6 миллиард адамға әсер етуі мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Суды үнемдемеу тек тапшылыққа емес, табиғаттың бұзылуына да әкеледі. Өзен-көлдердің тартылуы, батпақты алқаптардың жойылуы биоалуантүрліліктің азаюына себеп болып отыр. Соңғы жүз жылда әлемдегі батпақты жерлердің шамамен жартысы жойылған.
Суды қалай үнемдеуге болады?
Суды үнемдеу – әр адамның қолынан келетін қарапайым әрекеттерден басталады.
Күнделікті өмірде:
– тісті жуған кезде кранды ашық қалдырмау;
– ағып тұрған крандарды уақытында жөндеу;
– шомылу уақытын қысқарту;
– кір және ыдыс жуатын техниканы тек толық толғанда ғана қосу – ең қарапайым әрі тиімді тәсілдер.
Ал аула мен ауыл шаруашылығында тамшылатып суару жүйесін қолдану, жаңбыр суын жинап пайдалану, су үнемдейтін өсімдіктерді таңдау арқылы да су шығынын азайтуға болады. Сарапшылардың сөзінше, дәл осындай қарапайым әдеттердің өзі суды тұтынуды айтарлықтай қысқартып, табиғи ресурстарға түсетін қысымды төмендетеді.
Су үнемдеудің экологияға пайдасы
Суды үнемдеу – тек ресурсты сақтау емес, тұтас экожүйені қорғау деген сөз. Егер су тұтыну азайса, өзен-көлдердегі су деңгейі тұрақтанып, жерасты суларының сарқылуы баяулайды. Сонымен қатар өсімдіктер мен жануарлардың табиғи мекені сақталып, климаттың өзгеруіне әсер ететін факторлар да азая түседі. Тіпті зерттеулер жаһандық деңгейде су тұтыну азайған жағдайда биоалуантүрлілікке түсетін қысымның да төмендейтінін көрсетіп отыр.
Бұл мәселеге қатысты мамандар да дабыл қағуда. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Роза Махамбетованың айтуынша, су – адам өмірінің негізі болғанымен, біз оның қадірін ұмыта бастағанбыз.
Ауызсу – адам баласына ең қажетті нәрсе. Адам организмі 80-90 пайыз судан тұрады. Осыдан-ақ судың маңызын түсінуге болады. Өкінішке қарай, біз оны үнемдеуді ұмытып барамыз. Көп жағдайда ағып тұрған суды қалыпты құбылыс ретінде қабылдаймыз. Бұл – үлкен қателік. Әр отбасы суды үнемдеуді өз үйінен бастауы керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, әр адамның жауапкершілігі, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бүгінде суды үнемдеуге көмектесетін қарапайым технологиялар бар. Мәселен, кранға орнатылатын арнайы ағын реттегіштер судың артық жұмсалуына жол бермейді. Мұндай әдеттерді балаларға ерте жастан үйрету – болашаққа жасалған инвестиция.
Роза Махамбетова су тапшылығының болашағына да алаңдайды. Оның сөзінше, 2050 жылға қарай ауызсу мәселесі тек экологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі проблемаға айналуы мүмкін. Сондықтан халықтың суға деген көзқарасын өзгерту аса маңызды.
Профессор Әбдіманап Әбдіраманов та бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, суды үнемдеу мәдениеті бір күнде қалыптаспайды, бұл – жүйелі түрде жүргізілетін ұзақ процесс.
Біз ауызсуды кейде орынсыз пайдаланып жатамыз. Мысалы, көлік жууға, көшені тазалауға немесе басқа да шаруаларға ауызсуды қолданамыз. Осындай жағдайларда қайта өңделген суды пайдалану – ең тиімді шешімдердің бірі. Су тазарту және қайта өңдеу саласын дамыту – болашақтың басты бағыттарының бірі, – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені тек технологиямен шешу жеткіліксіз. Ақпараттық жұмыстар да қатар жүруі керек. Яғни, мектептен бастап, бұқаралық ақпарат құралдарына дейін су үнемдеу мәдениетін тұрақты насихаттау қажет.
