Қазақстанда 3 мыңнан астам ерекше білімді қажет ететін студент оқып жатыр. Бірақ олармен жұмыс істеуге мұғалімдердің өзі дайын емес.
Бұл мәселе Мәжілісте өткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ашық айтылды. Депутат Екатерина Смолякованың сөзінше, инклюзивті білім беру жүйесі көбіне тек сыртқы жағдаймен шектеліп отыр.
Біз көп жағдайда инклюзияны пандуспен өлшейміз. Ол да керек. Бірақ білім мазмұны әлдеқайда маңыздырақ. Бағдарламаларды бейімдедік пе, мұғалімге нақты әдістеме бердік пе – мәселе осы жерде, – деді ол.
Ресми мәліметтерде мектептердің 90%-ы, жоғары оқу орындарының басым бөлігі инклюзияға дайын деп көрсетіледі. Алайда бұл көрсеткіштер тек инфрақұрылымды қамтиды. Ал аудиториядағы жағдай басқа.
Бала университетке қабылданды, грант берілді, жағдай жасалды. Бірақ ол аудиторияға кіргенде не болады? Мұғалім оған қалай түсіндіреді? Біз соны ойладық па? – деді депутат.
Оның айтуынша, ерекше студентпен бір аудиторияда 50 минут бойы жұмыс істейтін – оқытушы. Ал көп жағдайда дәл сол оқытушының өзі қиналады.
Шын келгенде, оқытушы қиналады. Бұл – бір ғана мысал. Ал мұндай жағдайлар өте көп, – деді Смолякова.
Қазір Қазақстан университеттерінде шамамен 3 400 ерекше білімді қажет ететін студент білім алып жатыр. Олардың әрқайсысының қажеттілігі әртүрлі. Бірақ олармен жұмыс істеудің нақты жүйесі қалыптаспаған.
Сонымен қатар бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр. Бұл жүйе арқылы баланың бүкіл білім алу жолы, қажеттілігі мен көрсетілген қолдау бір платформада көрінуі тиіс. Бірақ бұл бастама да әзірге толық іске қосылмаған.
Цифрлық интеграция болады деп отырмыз. Алайда қазір ол тек тұжырымдама деңгейінде қалып отыр, – деді депутат.
Қазір заң жобасы Мәжілісте әлі де пысықталып жатыр. Жұмысқа қоғам белсенділері мен сарапшылар да тартылған.
