Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек міндетін орындамаған «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне салынатын айыппұл көлемін арттыру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.
Министрдің сөзінше, бұл бастама бюджет қаражатының қайтарымын қамтамасыз ету тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Министрлік тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың) көлемін арттыру туралы ұсынысты қаржылық жауапкершілік тетіктерін одан әрі жетілдіру тұрғысынан орынды деп есептейді. Сонымен қатар бұл бастаманы іске асыру мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарта отырып, жауапкершілік, құқықтық айқындық және жария әрі жеке мүдделердің теңгерімі ескерілген жан-жақты талдауды талап етеді, – деді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, 2010 жылға дейін тұрақсыздық айыбының мөлшері мемлекет жұмсаған нақты шығынның 25 пайызын құраған. Алайда кейін түлектердің өтініші негізінде бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін төмендетілген. Бұл талап стипендиат пен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында жасалатын үлгілік келісімшарттарда бекітілген.
Министрлік мәліметінше, 2013 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы аясында бюджетке 14,5 млрд теңге қайтарылған. Оның ішінде 2025 жылы республикалық бюджетке 2,29 млрд теңге, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 378,5 млн теңге түскен.
Еске салайық, 18 наурызда Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бағдарлама шарттарын бұзған стипендиаттар мемлекет жұмсаған қаржыдан да көп көлемде өтемақы төлеуі тиіс деген ұсыныс айтқан еді.
