in

Қазақстанда несие мен бөліп төлеуге қатысты шектеу енгізіледі

Қазақстанда қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі.

Елде азаматтардың несие жүктемесін шектеу, табысын бағалау тәсілін қайта қарау және бөліп төлеу нарығын реттеу бағытында бірқатар жаңа өзгеріс дайындалып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.

Агенттік мәліметінше, алдағы уақытта қарыз алушының барлық міндеттемесін қамтитын жиынтық қарыз коэффициенті енгізіледі. Сонымен қатар ипотека, автонесие және кепілсіз тұтынушылық несиелер үшін жеке шектеулер белгіленбек.

Қарыз алушының барлық берешегі бойынша жиынтық қарыз коэффициенті белгіленеді. Яғни оның жылдық табысына қарай жалпы қарыз көлеміне шектеу енгізіледі, – деді ол.

Табысқа қойылатын талап күшейеді

Сонымен қатар қарыз алушының табысын бағалау жүйесі де қайта қаралады. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр, ал жаңа талаптарды 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған.

Мадина Әбілқасымова қазіргі кезде табысты растау үшін әртүрлі дереккөздер қолданылатынын, олардың бәрі бірдей ресми бола бермейтінін атап өтті.

Кей жағдайда бұл толық сенімді ақпарат емес. Сондықтан қаржы ұйымдарының ресми табыс ретінде танылатын кірістер тізіміне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр, – деді агенттік басшысы.

Бөліп төлеу нарығы реттеледі

Жаңа өзгерістер бөліп төлеу қызметін де қамтиды. Әсіресе банктерден тыс ұсынылатын мұндай өнімдер заң жүзінде реттелмек.

Бөліп төлеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл нарықты реттеу үшін заңнамалық түзетулер әзірленеді. Әңгіме қаржы ұйымдары емес, маркетплейстер ұсынатын бөліп төлеу туралы, – деді Мадина Әбілқасымова.

Қарыз көлеміне нақты лимит қойылады

Агенттік тұтынушылық несиелер бойынша да шектеулер енгізуді көздеп отыр. Атап айтқанда, қарыз алушының жинақталған берешегіне нақты лимит белгілеу ұсынылуда.

Мұндай шектеу енгізу жоспарланып отыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, қарыз алушы иелене алатын берешектің ең жоғары сомасына абсолютті лимит белгіленеді, – деді Әбілқасымова.

Осылайша, елде бір мезгілде қарыз көлемін шектеу, табысты бағалау талаптарын күшейту және бұрын толық бақылауда болмаған бөліп төлеу нарығын реттеу шаралары қолға алынуда.

Несиелеу қарқыны бәсеңдеді

Агенттік басшысы 2025 жылы қабылданған қатаң шаралардың қазірдің өзінде нәтиже бергенін айтты. Бұрын тұтынушылық несие нарығы жылына шамамен 30 пайыз өссе, қазір бұл қарқын айтарлықтай төмендеген.

Әсіресе кепілсіз несиелер сегментінде өсім баяулап, кей жағдайда нөлге жақындаған немесе кері динамика байқалады.

Былтыр бес жылдан асатын мерзімге несие беруге тыйым салынды. Себебі кейбір қаржы ұйымдары шектеулерді айналып өту үшін тұтынушылық несиелердің мерзімін жасанды түрде ұзартқан, – деді Мадина Әбілқасымова.

Сондай-ақ мерзімі өткен қарыздарға қатысты талаптар күшейтілді. Бір күн кешіктірілген жағдайда микрокаржы ұйымдары жаңа несие бере алмайды, ал 30 күннен асқан жағдайда бұл шектеу банктерге де қолданылады.

Бұл шаралар азаматтардың ескі қарызын жабу үшін жаңа несие алуын, яғни «кредиттік шопингті» шектеуге бағытталған.

Банктерге қосымша талап қойылды

Банктер үшін де жаңа бақылау тетіктері енгізілген. Әр қаржы ұйымына рұқсат етілген дефолт деңгейі белгіленеді. Егер бұл көрсеткіш жоғары болса, банк несие беру талаптарын қатаңдатуға мәжбүр болады.

Агенттік мұны банктердің қарыз алушылардың төлем қабілетін сапалы бағалауына ықпал ететін құрал ретінде қарастырады.

Ипотека жүйесі де өзгеруі мүмкін

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда ипотекалық несиелеу жүйесін реформалау мәселесі де көтерілген. Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне байланысты саралануы мүмкін: жарна жоғары болған сайын пайыздық мөлшерлеме төмен болады.

Ал табысы орташа деңгейден төмен азаматтарға арналған ипотекалық бағдарламалар Отбасы банк арқылы ұсынылады.

Төрешілер былығына федерация кінәлі ме? І Бізде бомбардирлер жоқ І «Астанаға» обал болды

Талант, тәртіп және төзім: GGG формуласын кім бұза алады?

140 балл және «Алтын белгі» мектебі: жоғары нәтиженің құпиясы неде?

«Таза ауада серуендемейді»: дәрігер бала дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін факторларды атады

Ван Дейкті сан соқтырған футболшы: «Шахтердің» жаңа бас бапкері жайлы не білеміз?