Қазақстан – негізінен қоңыржай-континенталды климат аймағында орналасқан ел. Дегенмен, соңғы жылдары аграрлық технологиялар мен жылыжай шаруашылығының дамуы арқасында елімізде тропикалық жемістерді өсіру тәжірибесі де қолға алынып келеді. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығының әртараптануына, азық-түлік қауіпсіздігіне және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. 29 маусым — халықаралық Тропика күніне орай бүгінгі мақаламызда Қазақстанда өсірілетін тропикалық жемістерге, соның ішінде банан өніміне кеңінен тоқталатын боламыз.
Лимон және басқа да цитрусты жемістер – Қазақстанда кең тараған тропикалық жеміс топтарының бірі. Алматы, Шымкент пен Түркістан облысында лимон өсіретін жылыжайлар бар, ал үй жағдайында лимон ағашын өсіру соңғы жылдары танылып келеді. Сонымен қатар елімізде мандарин, лайм өсірілетін жылыжайлар да бар екенін айта кету керек.
Ананас — жылу мен ылғалды жақсы көретін өсімдік. Қазақстанда жылыжайда немесе үй жағдайында хобби ретінде өсіріледі. Толыққанды өнім алу үшін температура мен жарық режимі мұқият бақылануы тиіс. Кейбір агробизнес кәсіпорындар бұл бағытта тәжірибелік жобалар жасап келеді. Айта кетсек, осыдан үш жыл бұрын Астанадағы ботаникалық бақта ананас пен маракуя ағашы жеміс берген болатын. Дәл осы жылыжайда апельсин, кумкват және манго ағаштары да жеміс бере бастаған еді.
Банан – Қазақстанда ашық далада өспейді, бірақ жабық жылыжай жағдайында өсіруге болады. Алматы, Түркістан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында кейбір агрофирмалар мен жеке кәсіпкерлер бұл бағытта тәжірибе жасап жатыр.
Ерекше атап өтерлігі, Шымкентке іргелес жатқан Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Таскешу ауылында орналасқан жылыжайда банан өндірісі жолға қойылған. Бұл тек ауыл шаруашылығы үшін емес, тұтас ел үшін жаңалық деуге болады. Себебі банан бағы Орталық Азия кеңістігінде алғаш болып өндірістік негізде қолға алынған жоба. Мұнда келушілер үшін экскурсия да ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде бұл орын туристік орындардың біріне айналып отыр. Өйткені бананның қалай өсірілетінін көруге қызығатындар күн сайын артып келеді. Біз көпті таң қалдырып отырған баққа арнайы барып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып қайтқан болатынбыз.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Аумағы 5 гектарды құрайтын бұл жылыжайда бүгінде 7 500 түп банан ағашы өсіп тұр. Барлығы 21 қатарға бөлініп, біркелкі отырғызылған. Алғашқы көшеттер екі жыл бұрын егілген. Қазіргі таңда екінші өнім жиналып жатыр. Бұл Қазақстан агросаласында бұрын-соңды болмаған тың тәжірибе.
Банан бағының агроном көмекшісі әрі техникалық бөлімнің бригадирі Камиль Халаевтің айтуынша, мұнда бананның “анамус” деген түрі өсіріледі. Бұл сорт Түркиядан әкелінген, тропикалық климатты қажет етсе де, жергілікті жағдайға бейімделе бастаған.
Бізге Түркиядан арнайы мамандар келіп, егудің қыр-сырын үйретті. Бананның еркек, ұрғашы түрі, өнім беретін, бермейтін айырмашылықтары бар. Бір түп бананнан 100 келіге дейін өнім алуға болады, қазірше 50-60 келіден жинап жатырмыз, – дейді Камиль Халаев.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Тоғыз айдағы жеміс. Баланы күткендей күтесің…
Банан ерекше күтімді қажет етеді. Ол тоғыз айда бір рет қана өнім береді екен. Бірінші өнім алынғаннан кейін, ағаштың асты жаңа өркен шығарады. Осылайша бір көшет 15 жылға дейін өнім бере алады екен.
Шыны керек, бананды күтудің өзі бөлек бір әлем. Бұл баланы күткендей күтесің ғой. Тұқымын еккеннен кейін тоғыз ай бойы алаңдап жүресің. Әр күн сайын қарап, «қашан өседі, қашан бойлап шығады, қашан жейміз?» деп тағатсызданасың. Ал алғашқы түйін байлаған сәті – ерекше қуаныш. Сол кезден бастап оның пісіп-жетілуін күн санап күтіп, бар ықыласыңды соған арнайсың, – дейді жылыжай қызметкері.
Жеміс піскен соң кесіліп, жуылып, арнайы қаптамаларға салынып, сауда орындарына жөнелтіледі. Қазіргі таңда өнім тек ішкі нарықты, яғни Шымкент қаласының сұранысын қамтып отыр. Алдағы 2-3 жылда 20-25% ішкі сұранысты қамтамасыз етуді көзделіп отыр екен. Ал шетелге жөнелту әзірге жоспарланбаған. Бірақ болашақта экспорт мәселесі де қарастырылуы мүмкін.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Жұмыс күші мен күтім
Жылыжайда 20 шақты адам тұрақты жұмысшы ретінде еңбек етеді. Жеміс жинау кезеңінде бұл сан екі есе артады – қосымша 15-20 адам уақытша жұмысқа тартылады. Жұмыс күшінің басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
Банан – ылғалды жақсы көретін өсімдік. Сондықтан жылыжайдағы климаттық қажеттілігі де ерекше. Мұнда температура жазда 30–35°C ыстықты көрсетсе, қыста 15 градустан төмен түсуіне болмайды. Жылыжай ішінде тамшылатып суару жүйесі және тұман беру технологиясы қолданылады. Бұл банан ағашының ылғал мен жылуды бірқалыпты алуына мүмкіндік береді.
Үш күнде бір рет өсімдікке қажетті барлық дәрумендер мен микроэлементтер беріледі. Ал жылыжай ішіндегі ауа шамадан тыс ысып кетсе, арнайы жүйе арқылы жоғарыдан су бүркіледі. Бұл кезде ауада жеңіл тұман пайда болады. Біз оны «жасанды тропик» деп атаймыз. Осы әдіс арқылы ылғалдылық деңгейі мен температураны бір қалыпта ұстап отырамыз, – дейді жылыжай кешенінің агроном көмекшісі.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Жылыжайда алғашқы өнім былтырғы жазда жиналды. Бұл тарихи сәттің куәсі болған техникалық бөлімнің бригадирі әрі агроном көмекшісі Камиль Халаев ол күнді ерекше ықыласпен еске алады.
– Алғашқы піскен банандарды жұлып, дегустация жасадық. Дәмін алғаш рет татқандағы әсерді сөзбен жеткізу қиын. Шындығында, бұл – өз қолыңмен өсірген, өз еңбегіңнің жемісін татқан кездегі шынайы қуаныш. Сезім ерекше болды. Қазір, әрине, үйреніп кеттік. Үйдегі балалар да алғашындай қызыға бермейді. Бірақ тұтынушылардың пікірі – өте жылы. «Дәмі тропикалық елдерден келетін бананнан кем емес» деп мақтап жатқандар көп. Бұл біз үшін үлкен ынталандыру, – дейді Камиль Халаев.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Банан бағасы қолжетімді
Жылыжайда өсірілетін банан бағасы шетелден тасымалданатын өнімдермен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Бұл жөнінде сату бөлімінің жетекшісі әрі жылыжайға келушілерге экскурсия ұйымдастыратын Нәби Ташматов нақты деректермен бөлісті.
Шынтуайтында, дәмі жағынан біздің банан эквадорлық өнімнен кем түспейді, тіпті асып түсті деуге болады. Көпшілік алғашында күмәнмен қарағанымен, дәмін татқан соң көзқарастары өзгерді. Тұрақты тұтынушыларымыз көбейді. Наурыз айынан бері бананның келісін 650 теңге көлемінде ұстадық. Жуырда ғана 700 теңгеге көтерілді. Бұл – қазіргі нарық үшін өте тиімді баға. Ал сырттан келетін бананның келісі бүгінде 1000 теңгеден асып жығылады. Сол себепті отандық өнімге деген сұраныс артып келеді. Халық сапа жағынан да, дәмі жағынан да жоғары баға беріп жатыр, – дейді Нәби Ташматов.
Жаңа агротуризм бағыты – банан бағы
Бұл жылыжай енді тек агроөндіріс емес, туризмнің де бір нысанына айналып отыр. Себебі бананның қалай өсірілетінін өз көзімен көргісі келетіндер қатары күн санап артып келеді екен. Мұнда арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, ауылдық жерге келушілер саны артқан. Бұл агротуризм бағытының дамуына серпін беріп отыр. Орта есеппен мұнда күн сайын 200-300, ал демалыс күндері 500-ге жуық адам келеді екен. Экскурсияның басты мақсаты – агроинновацияны көрсету, жастардың еңбексүйгіштігін ояту, сондай-ақ елімізде де тропикалық жеміс өсіруге болатынын дәлелдеу.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Нәби Ташматовтың айтуынша, жылыжайда өсірілген банан туралы алғаш теледидардан көргендер күмәнмен қарап, сенімсіздік танытқан. Бірақ көзбен көріп, жылыжай ішіне кіріп, өз қолымен ұстап, дәмін татқан сәтте олардың пікірлері түбегейлі өзгереді екен.
Біздің өнім жайлы теледидардан көргендер алғашында сенбейтін. «Қазақстанда банан өседі дейсің бе?» деп күмәнданатындар көп болды. Ал өз көзімен көріп, жылыжай ішіндегі ерекше экожүйені тамашалағанда адамдардың жүзінен қуаныш, таңданыс, шынайы ризашылық байқалады. Біз бұл жұмысты тек пайда табу үшін емес, келешек ұрпаққа ой салу үшін де жасап отырмыз. Еңбек етіп, ғылымға сүйенсең – кез келген мақсатқа жетуге болады. Тек ниет пен табандылық керек. Мұны бүгінгі жастар көріп өсуі тиіс, – дейді сату бөлімінің жетекшісі Нәби Ташматов.
Экскурсияға кіру ақысы – ересектерге 1 000 теңге, балаларға 500 теңге. Ал 3 жасқа дейінгі балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Бұл – тәуекелдің жемісі
Жобаны іске қоспас бұрын компания құрылтайшылары арнайы Түркияға барып, банан өсіру технологиясын егжей-тегжейлі зерттеген. Олар түрлі өңірлерден алынған топырақ үлгілерін өздерімен бірге ала барған. Мақсат – қай өңірдің топырағы экзотикалық жеміс үшін барынша қолайлы екенін анықтау еді. Түркиялық мамандар жүргізген сараптама нәтижесінде таңдау Таскешу ауылына түсіпті. Себебі бұл аймақтың топырақ құрамы мен климаттық ерекшеліктері банан өсіруге ең тиімді болып танылған. Мамандардың айтуынша, бананды кез келген жерге еге алмайсың. Бұл – тәуекелді қажет ететін шаруа. Жай ғана қияр немесе қызанақ емес. Оған ерекше күтім, ылғал, жылу және қоректік заттардың нақты балансы керек. Сондықтан әрбір қадамды ғылыми негізге сүйене отырып жасау қажет.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Тек банан емес, алда авокадо мен манго!
Жоба жетекшілері алдағы жылдары осы алқаптың әр секторына жаңа жылыжайлар салып, тропикалық жемістердің түр-түрін көбейтуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда екінші, үшінші, төртінші және бесінші секторларға қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен. Бұл жылыжайлар толықтай заманауи жылу және микроклиматты бақылау жүйелерімен жабдықталмақ. Бұл – тек банан емес, климатты талғайтын авокадо мен манго сынды жемістердің де Қазақстанда сәтті өсірілуіне мүмкіндік береді.
Қазір авокадоға деген сұраныс өте жоғары. Сол себепті оны өсіру – біздің алдағы басты жоспарларымыздың бірі. Сонымен қатар, бананға арналған жылыжайлардың санын да арттырамыз. Халық отандық өнімге қызығушылық танытып отыр. Бұл – біз үшін әрі үлкен жауапкершілік, әрі жаңа белеске жол ашатын мүмкіндік, – дейді жылыжай кешенінің өкілдері.
Айтпақшы, жылыжай кешені тек бананмен шектелмейді. Мұнда қияр, қызанақ, көкжидек те өсіріледі. Қызанақтар аймақ ішіндегі нарықтарға жөнелтіледі, көкжидек те сатылымда бар. Бұл өнімдердің барлығы да жергілікті сұранысты қамтамасыз етіп отыр.
Жылыжай қызметкерлерінің айтуынша, жергілікті әкімдік тарапынан инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Өнімге деген сұраныс жоғары
Қазіргі таңда банан бағынан алынған өнімге деген сұраныс өте жоғары. Тұтынушылардан келіп жатқан пікірлердің басым бөлігі оң, ал бананның дәмі мен сапасы ешбір шетелдік өнімнен кем емес. Бұл жылыжай болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, елдің өзге өңірлерінде де тропикалық жемістерді өсіруге жол ашады деген сенім бар.
Таскешу ауылында ашылған бұл банан жылыжайы – агросаланы әртараптандырудың нақты мысалы. Қазақстанда тропикалық жеміс өсіруге болатынын іс жүзінде дәлелдеген бұл жоба еліміздің аграрлық болашағы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Банан плантациясы – ауыл шаруашылығының ауқымды әрі күрделі салаларының бірі. Ол экономика, әлеуметтік жағдай және экология тұрғысынан көптеген өзекті мәселелерді қамтиды. Қазіргі таңда бұл салада тұрақты даму, әділетті еңбек қатынастары және экологиялық қауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет. Банан – тек жеміс қана емес, ол жаһандық азық-түлік жүйесінің маңызды бөлігі.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
Қосымша ақпарат ретінде айта кетсек, банан – әлемдегі ең көп экспортталатын жеміс. Әсіресе Эквадор, Коста-Рика, Филиппин, Колумбия, Үндістан және Бразилия секілді елдер үшін банан экспорты – ірі табыс көзі. Эквадор, мысалы, жылына 7 миллион тоннадан астам банан экспорттайды.
Банан жемісі дәмділігімен қатар, құрамында калий, магний, С және В6 дәрумендері көп болғандықтан, адамның денсаулығына пайдалы тағам ретінде кеңінен қолданылады.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)