in

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,5% деңгейінде, +/-1 п.т. дәлізімен сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұлттық банк мәліметінше, бұл шешім инфляция тәуекелдерінің өсуі мен жаңартылған экономикалық болжамдарға байланысты қабылданды.

2025 жылғы мамырда жылдық инфляция 11,3%-ды құрады. Бағаның өсуіне реттелетін тарифтер мен қызметтер құнының қымбаттауы, азық-түлік инфляциясының жеделдеуі, сондай-ақ тұтынушылық сұраныс пен өндіріс шығындарының артуы әсер еткен. Халықтың инфляциялық күтулері де 14,1%-ға дейін көтерілді, – делінген мәліметте.

Сыртқы факторлар қатарында Ресейдегі жоғары инфляция, әлемдік азық-түлік бағасының өсуі және жаһандық нарықтағы тұрақсыздық атап өтілді. Brent мұнайының бағасына қатысты болжам да барреліне 60 долларға дейін төмендеді.

Ұлттық банк 2025 жылы инфляцияны 10,5-12,5% аралығында, 2026 жылы 9,5-11,5% деңгейінде болады деп күтуде. Ал 2027 жылға қарай инфляцияны 5,5-7,5%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.

Экономикалық өсім 2025 жылы 5-6%, 2026 жылы 4-5% деңгейінде болжануда. Өсуге ішкі сұраныс, инвестициялық белсенділік және құрылымдық реформалар ықпал етеді, – деп қосты банк.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстау қажет деп санайды және қажет болған жағдайда оны қайта көтеруге дайын екенін мәлімдеді.