Бүгін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай шақырып, сенбінің таңында жүздесудің сәті түсті. Естеріңізде болса, өзім бапкерлер құрамында қызмет ететін ұлттық құрама Азия үздігін атанған сәтті алғашқылардың бірі болып құттықтап, елден сүйінші сұраған да Нұрдәулет Игілікұлы еді. Қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған кездесуде шай іше отырып, Азия чемпионатының қызықтарымен бөліскен жайым бар. Бата жасалып болған соң, рахметімді айтып, қоштаспақ ниетте едім. Алайда Нұрекең теңіз жағасында аз-кем серуен құрып жүріп қайтайық деп ұсыныс білдірген соң кетіп қалғанды ыңғайсыз көрдім. Әңгіме айтып жүріп көпшілік атқа мінетін алаңқайға да қалай келгенімізді байқамай қалыппын. Алаңқайға кірген соң Нұрекең маған бұрылып «жігіттермен бірлесіп саған бергелі тұрған сыйымыз бар еді» деп асыл тұқымды ағылшын жылқысын сыйлап, мінгізбесі бар ма?! Міне, керемет! Осыған дейін талай жерден құрмет көрсем де алған сыйлығымның дені алғыс хаттардан аспапты. Мынау өзім күтпеген, күтпеген деймін-ау, мүлде дайын болмаған сыйлықтың төресі болды”, – деп жазды бапкер.
Нұрдәулет Қилыбайдың маған берілген сыйлығы өзім үшін оқыстан жасалған тосынсый болды. Рас па, өтірік пе дегендей әлі өз өзіме келе алмай отырған жайым бар. Тіпті ат мінгізген сәтте не дерімді білмей абдырап қалдым. Өңірдің белгілі ақындары арнауын айтып жатты. Қапелімде аузыма сөз түспей езу тарта беріппін де қойыппын. Есімнің шыққаны сонша мінгізген аттан бір түсіп, бір міне беріппін, – деп жазды Құралбек Сейітов.