2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 21 351 неке қиылған. Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» осындай статистика ұсынды.
Ведомство мәліметінше, үйлену тойларының саны бойынша Алматы, Астана, Түркістан облысы, Шымкент және Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Бұл көрсеткіштер уақыт пен жағдайға қарамастан, қазақстандықтар махаббатқа сенетінін көрсетеді, – деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.
2025 жылы 115 мыңнан астам неке тіркелген
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елде 115,9 мың неке тіркелген. Жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69-ды құрады.
Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында (6,75), сондай-ақ Қарағанды (6,32) және Шығыс Қазақстан (6,27) облыстарында байқалды. Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06.
Қалалық жерде 78,9 мың неке (68,1%) тіркелсе, ауылдық жерде – 37 мың (31,9%).
Орташа неке жасы және қайта үйлену
Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер арасында – 27,9 жасты, әйелдер арасында 25,3 жасты құрады.
Ерлердің 77%-ы, әйелдердің 78%-ы алғаш рет шаңырақ көтерген. Ал ажырасқаннан кейін қайта үйленгендердің үлесі ерлерде – 22%, әйелдерде – 21%.
Үйлену тойлары көбіне жазда өтеді
2025 жылы неке көбіне жаз айларында тіркелген. Маусымда – 11 848, шілдеде – 12 955, тамызда – 12 418 неке қиылған.
Сондай-ақ отау құрғандардың 80,4%-ы моноэтностық неке болса, 19,6%-ы ұлтаралық жұптар болған.
2025 жылы 45,7 мың ажырасу тіркелді
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 45,7 мың ажырасу тіркелген. Оның 74,4%-ы қалада, 25,6%-ы ауылдық жерде болған.
Жалпы ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24-ті құрады. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар (3,43), Қарағанды (3,41) және Солтүстік Қазақстан (3,28) облыстарында тіркелді. Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында – 1,03.
Статистикаға сүйенсек, ажырасулардың 35%-ы 1-4 жыл некеде тұрғандарға тиесілі. 5-9 жыл бірге тұрғандар арасындағы ажырасу – 24%.
Ал үйленгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан жұптардың үлесі 8%-ды құрайды.
2026 жылы қай айда үйленген дұрыс?
Нумеролог Құралай Бақыттың айтуынша, 2026 жыл – отбасын құруға қолайлы кезеңдердің бірі. Бұл жыл жеке өмірге қатысты маңызды шешім қабылдауға серпін береді.
Маманның сөзінше, әсіресе наурыз, шілде, тамыз және қыркүйек айлары үйлену үшін ең сәтті кезеңдер саналады. Ал мамыр мен маусым айларында той жасаудан бас тартқан жөн.
2026 жыл – үйленуге қолайлы жыл. Наурыз, шілде, тамыз, қыркүйек айлары отбасын құруға өте сәтті. Ал мамыр мен маусым айларында той жасамаған дұрыс, – дейді нумеролог Құралай Бақыт.
Сондай-ақ маман жыл соңына қарай эмоцияға берілмей, асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді. Жалпы алғанда, 2026 жыл бойдақтар үшін шаңырақ көтеруге қолайлы уақыт ретінде бағаланып отыр.
