1 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жаңа шығармашылық алаң – «Дәстүр HUB» салтанатты түрде ашылды.
Жобаның дәл кітапхана базасында жүзеге асуы кездейсоқ емес. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамыту мен оқырман ұлт қалыптастырудың маңызын үнемі атап өтіп келеді. Бүгінде кітап тек білім көзі ғана емес, ойлау қабілетін дамытудың, дүниетанымды кеңейтудің және ақпаратты өз бетінше саралай білудің маңызды құралы саналады.
Шығыс Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде балалар мен жастардың сапалы білім алып қана қоймай, сыни ойлауға, сұрақ қоя білуге, жауап іздеуге, ұлттық мәдениет пен дәстүрмен байланысын нығайтуға жағдай жасауға басымдық берілген.
Жаңа «Дәстүр HUB» бірнеше бағытты тоғыстырады. Мұнда кітап оқу, шығармашылық, ұлттық мұра және заманауи технологиялар бір кеңістікте үйлесім тапқан.
Кеңістіктің басты нышаны – қазақ халқының мәдениетін айшықтайтын киіз үй. Алайда ұлттық құндылықтар мұнда заманауи форматта ұсынылады. Мультимедиялық технологиялар, интерактивті шешімдер және жасанды интеллект элементтері арқылы келушілер қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңа қырынан танып-біле алады.
Киіз үйдің әр бөлшегі – өзіндік тарих. Арнайы QR-кодтар арқылы қонақтар ұлттық ою-өрнектердің мәні, тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігі және киіз үйдің символикасы туралы бейнематериалдарды тамашалай алады.
Ал бұл хабтағы ерекше орын кітапқа берілген. Мұнда әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, білім беру бағдарламалары, ашық пікірталастар мен балалар және жасөспірімдерге арналған интерактивті іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Дәстүр HUB» подкасттар жазуға, бейнеконтент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға және заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған алаң болмақ.
Ашылу күні кітапхана аумағы үлкен отбасылық мерекеге айналды. Қонақтар үшін «Көгалдағы оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілерге арналған шығармашылық аймақ, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар және «Картон қалашығы» ұйымдастырылды.
