Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты «Қазақстанға босқындар келуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елге жаппай көшіп келу немесе босқындар ағыны туралы нақты дерек тіркелмеген.
Қандай да бір адамның елден қашып жатқандығы туралы нақты ақпарат жоқ. Біздің елге босқындардан ресми сұрау түскен жоқ. Ертең не боларын, тіпті келесі сағатта не боларын ешкім болжай алмайды. Сондықтан жағдайды бақылап, соған сай әрекет етеміз, — деді Смадияров.
Босқын кейпінде келетін террористерге қатысты қауіптің алдын алу шаралары туралы сұраққа жауап бере отырып, ол бұл мәселемен Ішкі істер министрлігі айналысатынын нақтылады.
Сонымен қатар Смадияров әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан, Сауд Арабиясы билігі Газа секторындағы тұрғындарды Қазақстанға көшіреді деген қауесетті жоққа шығарды:
Бұл — жалған ақпарат. Шындыққа мүлдем жанаспайды, — деп мәлімдеді Айбек Смадияров.