in

Отбасын да, Отанды да қорғап жүрген қос полиция майоры

Бір үйде екі полицей. Бір қызмет, ортақ міндет, бір мақсат. Екеуі де – антына адал, абыройын биік ұстап жүрген тәртіп сақшылары. Қызметте – серіктес, үйде – ата-ана, өмірде – жұп. Олар үшін полиция формасы тек киім емес, ел алдындағы жауапкершіліктің, сенім мен абыройдың нышаны. Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова – бір салада жүріп, бір-біріне тірек бола білген жұптардың жарқын үлгісі. Олар бүгінде Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінде еңбек етіп келеді. El.kz тілшісі бір-біріне арқа сүйеген қос полиция майорымен сұхбаттасып, қызығы мен шышығы қатар жүретін саланың қыр-сыры, отбасылық өмірлері туралы сұрап білді.  

El.kz: Алдымен өздеріңіз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіздер. Бұл салаға қалай келдіңіздер?

Дина Әубәкірова: Мен 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысының көрікті өңірлерінің бірі — Шал ақын ауданында дүниеге келдім. Өзім тұңғыш перзентпін, менен кейін інім дүниеге келген. Бала күнімнен тәртіп пен жауапкершілікке ерекше мән беретін отбасында тәрбиелендім. Әсіресе, ішкі істер саласына деген қызығушылығым ерте қалыптасты. Бұл қызығушылықтың қалыптасуына, ең алдымен, менің атамның әсері ерекше. Атам – Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен жан. Оның өмір жолы, батылдығы мен қызметке адалдығы мен үшін әрдайым үлгі болды.

Үш жасқа толған шағымда  отбасымыз өмірлік жағдайларға байланысты Солтүстік Қазақстаннан оңтүстікке — қазіргі Түркістан облысына, нақтырақ айтсақ, Жетісай ауданына қоныс аударды. Мектеп жылдарым осы аймақта өтті. Сол кезеңнен бастап ішкі істер саласына деген ықыласым артып, болашақ мамандығымды нақты осы бағытпен байланыстырдым.

2009 жылы еліміздің Ішкі істер министрлігіне қарасты Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы заң колледжіне оқуға түсіп, білім ордасында кәсіби бағыттағы алғашқы қадамдарымды бастадым. Аталған оқу орнында алған білімім мен тәжірибем мені болашақ қызметіме жан-жақты дайындап шықты. 2011 жылы колледжді сәтті аяқтап, Мақтаарал ауданының полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор ретінде алғашқы қызметтік жолымды бастадым. Кейінірек әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, қазіргі таңда мен Жетісай аудандық полиция бөлімінің тәрбие және кадр жұмысы тобына қарасты инспектор-психолог қызметін атқарып келемін. Бұл – үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті, жан-жақты біліктілікті қажет ететін сала. Қазіргі қызметімде әріптестерімнің психологиялық жай-күйін бақылап, моральдық қолдау көрсету, ішкі тәртіп пен бірлікті сақтау бағытында еңбек етіп келемін.  

Азамат Салтөреев: Мен 1991 жылы бұрынғы Мақтаарал ауданы, қазіргі Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының орталығы — Жетісай қаласында дүниеге келдім. Отбасымызда төрт жанбыз: менің бір әпкем және екі інім бар. Әке-шешем бізге бала жастан еңбексүйгіштік пен тәртіптілік сияқты қасиеттерді бойымызға сіңіріп, адал еңбекпен өмір сүрудің маңызын ұғындырды.

Орта мектепті аяқтаған соң, 2009 жылы заң саласына бет бұрып, Семей қаласындағы заң колледжіне оқуға түстім. Осы оқу орнында құқық қорғау саласының негіздерін меңгеріп, болашақ мамандығыма қажетті білім мен дағдыны игеруге тырыстым. 2011 жылы аталған оқу орнын табысты аяқтап, туған өлкеме — сол кездегі Мақтаарал ауданына оралып, ішкі істер саласында қызмет жолымды бастадым. Айта кету керек, менің полиция қызметкері атануым  кездейсоқтық емес. Бұл сала маған бала кезімнен таныс әрі жақын. Әкем ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысында. Оның өмірлік тәжірибесі мен еңбектегі табандылығы мен үшін әрдайым үлгі болды. Әкем еңбек жолының соңғы он жылында учаскелік полиция инспекторы ретінде жергілікті халықпен етене жұмыс істеп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда зор үлес қосты.

Мен де әке жолын жалғастырып, бүгінде Жетісай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келемін. Бұл қызмет — үлкен жауапкершілік пен халықпен тығыз қарым-қатынасты талап ететін сала. Әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу — менің күнделікті жұмысымның бір бөлшегі.

El.kz: Қалай таныстыңыздар?

Дина Әубәкірова: Сенсеңіздер, біз жолдасым екеуміз бір мектептің қабырғасында білім алған екенбіз. Алайда сол уақытта бір-бірімізбен араласып, танысып үлгермегенбіз.  Арада бірнеше жыл өткен соң, тағдыр бізді қайтадан жолықтырды.

Мен құқық қорғау саласындағы білімімді аяқтап, оқу орнын тәмамдаған соң, практикадан өту үшін полиция бөліміне жолдамамен бардым. Дәл сол кезде бізді ортақ танысымыз таныстырды. Ол жігіт — менімен колледжде бірге оқыған курстасым еді, ол жолдасымның жақын досы болып шықты. Бір күні ол маған: «Дина, мына  жігітпен танысып көрсеңші. Нағыз азамат, еңбекқор, салмақты, бойдақ әрі өзіңнің жерлесің» деп мақтауын асырып, әзіл-шыны аралас ұсыныс жасады (күліп). Кейін естісем, дәл осындай сипаттамамен ол мені де жолдасыма таныстырған екен.

Сол күн біздің өміріміздегі маңызды сәттердің бірі болды десем артық айтқандық емес. Таныстығымыз аяқ астынан, күтпеген жерден басталды. Бірақ араласа келе, ортақ қызығушылықтарымыздың, өмірлік ұстанымдарымыздың ұқсас екенін байқадық. Жан дүниеміз үйлесіп, бір-бірімізді жақыннан тани түстік. Қарым-қатынасымыз уақыт өте тереңдей түсіп, жылы достық сезім махаббатқа ұласты. Сөйтіп 2011 жылы басталған таныстығымыз 2012 жылы өміріміздегі үлкен қадаммен – отбасын құрумен жалғасты. Осылайша тағдыр бізді бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсат жолында бірге қадам басуға жазды. Бүгінде бір-бірімізге тірек, бала-шағамызға сүйеу болып, өмірдің барлық кезеңінен бірге өтіп келеміз.

El.kz: Қай кезден бастап өз әріптесіңіз болашақ жарыңыз болатынын түсіндіңіздер?  

Дина Бәкірқызы: Біздің таныстығымыз біртіндеп араласуға, одан кейін жақын қарым-қатынасқа ұласты. Алғашында жай ғана жақсы таныс ретінде сөйлесіп жүрген едік, араға шамамен екі-үш ай өткен соң, мен оның болмысын тереңірек тани бастадым. Сол кезде жүрегімде: «Бұл жігіт – менің болашақ жарым болуы мүмкін» деген сенім ұялады.

Мені жолдасымның ерекше адамгершілігі, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, әсіресе, әйел адамға деген нәзік қарым-қатынасы бірден баурап алды. Адамдармен сыпайы сөйлесуі, сабырлы мінезі, уәдеге беріктігі мен жауапкершілігі де мен үшін өте маңызды қасиеттер болды. Шыны керек, мен оны өзімнің әкеме ұқсаттым.

Бізде, әсіресе оңтүстік өңірде көбіне-көп ер азаматтардың үй шаруасына араласпауы — қалыпты құбылыс деп есептеледі. Әйел адамның үй тірлігімен айналысуы — дәстүрлі ұғым саналады. Бірақ мен мұндай көзқарасты әрдайым бөлісе бермейтінмін. Себебі мен әкемді басқа қырынан танып өстім. Ол кісі үйде анама үнемі көмек қолын созып, барынша қамқор болатын. Қатаң тәртіппен қатар, әкем бізге ерекше жылылық пен мейірім сыйлай білді. Ал жолдасымның бойынан дәл осы тәрбиені, дәл осындай қарым-қатынасты көрдім. Бұл — мен үшін шешуші фактор болды. Қазір де сол қасиеттері өзгерген жоқ. Қандай жағдай болмасын, бірге иық тірестіріп өмір сүріп келеміз. Мысалы, кейде денсаулығым сыр беріп қалса, ешқашан бұл — «әйелдің жұмысы» деп қарап отырмайды. Балаларға тамақ әзірлеп береді, үйдің шаруасына да көмектесіп, отбасы мүшелерінің жайлылығын бірінші орынға қояды.   Бүгінде мен оның тек жақсы жар ғана емес, нағыз дос, сенімді тірек екенін мақтанышпен айта аламын.

Азамат Салтөреев: Мен Динаны алғаш рет көрген сәтте-ақ ерекше бір жылулық сезіндім. Оның қарапайымдылығы, қылығындағы нәзіктік, сөйлеген сөзіндегі сыпайылық — барлығы бірден жүрегіме жол тапты. Бірақ бәрінен бұрын Динаның ашық-жарқын мінезі мен бойындағы тәрбиесі мені қатты әсерлендірді. Ол — ешқандай жасандылықсыз, шынайы жан. Мен оны өзімнің анама ұқсаттым. Динаның адаммен сөйлесудегі мәдениеттілігі, үлкенге деген құрметі, айналасына мейіріммен қарауы анамның бойындағы қасиеттермен үндесіп жатты. Қыз бен жігіт болып араласып жүрген шағымызда кейде өзімді анамның жанында жүргендей сезінетінмін (күліп). Бұл сезім маған ерекше сенім мен тыныштық сыйлайтын.

Сол себепті де  Динаның менің болашақ жарым болуға әбден лайық екенін ерте түсіндім. Іштей: «Осы қызды жіберіп алмау керек. Бұл — менің жартым» деген ойға беріліп, соған сәйкес нақты әрекет еттім. Өз сезімімді білдіріп, болашаққа жоспар құра бастадым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым десем де болады (күліп). Ақыры көп ұзамай шаңырақ көтеруге шешім қабылдап, сүйіктімнің келісімін алып, отбасын құрдық. Бұл — менің өмірімдегі ең маңызды әрі ең бақытты шешімдердің бірі болды.

(Фото: Ерлі-зайыпты полицейлердің жеке мұрағаты)

El.kz: Дина, жолдасыңызды туыстары сіздің ішкі істер органы қызметкері екеніңізді қалай қабылдады? Бір үйге бір полицей жеткілікті деген пікір болған жоқ па?

Дина Әубәкірова: Жоқ, шынымды айтсам, ондай пікір мүлдем болған емес. Қайта, менің қызметіме жолдасымның туыстары өте үлкен түсіністікпен, құрметпен қарады. Келін боп түскен күннен бастап, ешқашан мамандығыма байланысты тосқауыл, қарсылық немесе күмән айтылған емес. Қайын жұртым әрдайым менің таңдауыма, өз кәсібіме деген сүйіспеншілігіме қолдау көрсетіп келеді. Керісінше, жолдасым екеуміздің бір салада қызмет ететініміз олар үшін артықшылық сияқты қабылданды. Өйткені біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, біріміздің кәсіби қиындықтарымызды екіншіміз толық сезініп, қолдау білдіре аламыз. Бұл отбасылық үйлесімге де, қызметтегі ынтымақтастыққа да оң әсер етеді. Қызығы сол, мен алғаш рет жұмысқа орналасқан кезде қазіргі қайын атаммен бірге қызмет істегенмін. Ол кезде болашақ жарыма тұрмысқа шығатыным, ал әріптесімнің  менің болашақ қайын атам екені – мүлде беймәлім еді. Әріптес ретінде ғана таныдық. Алғашында ол кісінің сабырлы, мейірімді, қамқор жан екенін байқап, үлкен құрметпен қарайтынмын. Кейіннен сол мейірімді адамның ұлы — менің болашақ жарым екенін білгенде, жүрегімде сенімділік пайда болды: «Ондай әкенің тәрбиесін көрген ұл да жақсы азамат болары сөзсіз» деп ойладым.

Біз жолдасыммен қыз бен жігіт болып жүрген кезімізде, расын айтқанда, қайын атамнан аздап қысылып жүретінмін (күліп). Бірақ ол кісі сыр білдірмей, бәрін сабырмен қабылдады. Кейін бізге өзінің батасын беріп, ақ жол тіледі.

Ал енем — жарықтық өте ашық, жайдары, жүрегі кең жан еді. Өкінішке қарай, ол кісі жақында ғана бақилыққа аттанды… Жатқан жері жайлы, мәңгілік мекені нұрлы болғай. Енемнің адамгершілігі, өмірге деген көзқарасы ерекше болатын.  

Шыны керек, мен өзімді нағыз бақыты ашылған келіндердің бірі деп есептеймін. Өйткені отбасында тек жақсы адамдардың ортасында жүрмін. Қайын жұртым менің тек мамандығыма емес, жалпы адам ретінде де сыйластықпен қарап, әрдайым демеу болып келеді.

El.kz: Екеуіңіздің де полицияда қызмет етуіңіз – артықшылық па, әлде қиындық па?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Бұл сұраққа жауап беру кезінде, ең алдымен, біздің мамандығымызға деген шынайы сүйіспеншілігімізді атап өткіміз келеді. Себебі біз екеуміз де бұл саланы кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл – бала кезден жүрек түкпірімізде орныққан арманымыздың нақты көрінісі. Ішкі істер саласы – әрқашан тәртіп пен табандылықты, адалдық пен жауапкершілікті талап ететін күрделі де мәртебелі қызмет. Біз осы саланы саналы түрде таңдап, өмірімізді құқық қорғау қызметіне арнадық. Әрине, бұл мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Полиция қызметкері болу дегеніміз – қоңырау шалынса, күн-түнге қарамай, кез келген уақытта сапқа тұруға дайын болу. Бұл – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында уақытпен санаспай еңбек ету – біздің басты парызымыз. Осындай жағдайларда, әсіресе екі жақтан да шақырту түсіп, екеуіміз де жұмысқа кетуге мәжбүр болған сәттер жиі кездеседі. Міне, осындай кезде отбасымыздағы үлкендердің, яғни ата-әжелер мен жақын туыстардың қолдауы – біз үшін өте маңызды. Балаларымызды кейде ата-әжесіне, кейде нағашы жұртына аманаттап қалдырып, сеніммен жұмысқа аттанып жатамыз. Жақындарымыз біздің қызметіміздің қандай жауапты әрі шұғыл екенін жақсы түсінеді және әрдайым қолдау білдіреді. Осы орайда олардың көмегі мен түсіністігі үшін шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Олардың арқасында біз еш алаңсыз қызметке кірісіп, өз міндетімізді адал орындап жүрміз. Ал артықшылықтарына келсек, екеуміздің де бір салада қызмет етуіміз – бір-бірімізді жақсы түсінуге, қолдауға, жағдайды бірге саралап, кәсіби және адами тұрғыда қолдау көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Жұмыс барысындағы қиындықтарды, эмоциялық жүктемені бөлісу, кеңесу, бір-бірімізге демеу болу – біздің мызғымас серіктестігіміздің негізі. Сондықтан бұл сұраққа нақты біржақты жауап беру қиын. Біздіңше, бұл – бір жағынан үлкен жауапкершілік, екінші жағынан – өзара түсіністік пен қолдауға негізделген артықшылық. Ең бастысы – өз ісіңді жүрекпен сүю және жанұяңмен бірлікте болу. Сол кезде кез келген қиындық жеңіл сезіледі.

El.kz: Қызметтен тыс уақытта отбасылық атмосфераны қалай сақтайсыздар?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Қызметтен тыс уақытта біз үшін ең басты басымдық – отбасымыз және балаларымыз. Себебі ішкі істер саласындағы жұмысымыз кейде демалыс, мереке дегенді білмейді. Кез келген сәтте жұмысқа шақырту болуы мүмкін. Сондықтан қолымыз қалт етіп, уақыт тауып демала алатын сәттерді барынша отбасы шеңберінде өткізуге тырысамыз. Бұл – біз үшін тек демалыс емес, бала тәрбиесіндегі ең маңызды мезеттердің бірі.  Бос уақытымызда отбасымызбен бірге серуендеуге, табиғат аясында демалуға, саябақтарға, ойын-сауық орындарына баруға тырысамыз. Осындай сәттерде балаларымызбен жақынырақ сырласуға, оларды тыңдауға, бірге күліп, бірге қыдыруға мүмкіндік туады. Бұл – тек баланың көңілін көтеру ғана емес, олардың ішкі әлемін тану, сенімді қарым-қатынас орнатудың бір жолы.

Біз үшін маңызды ұстаным – әрбір баланың балалық шағы бақытты әрі жарқын естеліктерге толы болуы тиіс. Себебі бұл кезең – адамның өмірінде қайталанбайтын, ерекше кезең. Сол себепті балалардың жүрегінде жақсы әсер қалдырып, отбасы деген – мейірім мен қамқорлықтың, түсіністік пен сүйіспеншіліктің ошағы екенін сезіндіруге тырысамыз.

Кейде жұмыстан шаршап келетін кездеріміз болады, бірақ соған қарамастан, балалардың қуанышын көру, олармен бірге ойнап-күлу – өзімізге де күш-қуат береді. Бірге өткізген әрбір сәт – біздің жанұялық бірлігіміздің, жылулықтың негізі. Осы арқылы қызметтің ауыртпалығын да жеңілдетіп, бір-бірімізге рухани демеу бола аламыз. Сондықтан біздіңше, отбасылық атмосфераны сақтау үшін көп нәрсе керек емес – тек шынайы көңіл, уақыт пен ықылас жеткілікті. Ал біз үшін бұл – ең басты құндылық.

El.kz: Қызмет пен отбасын қатар алып жүру оңай емес. Жауапкершілікті қалай бөлісесіздер?

Дина Әубәкірова: Шыны керек, қызмет пен отбасы — екеуі де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірі — кәсіби борышымыз, екіншісі — өмірлік міндетіміз. Сондықтан бұл екеуін қатар алып жүру үшін ең алдымен өзара түсіністік пен қолдау қажет. Біз отбасымызда «ана тек аналық міндетті, әке тек әкелік міндетті ғана атқарады» деген шектеулі түсінікке жүгінбейміз. Мұндай жағдайда жауапкершілікті бөліп-жаруға болмайды деп есептейміз. Өйткені біздің мамандығымыз белгілі бір уақытпен шектелмейді. Кейде мен, кейде жолдасым шұғыл қызметке шақырылып, үйде бола алмай қалатын кездер жиі болады. Әсіресе, жолдасым учаскелік полиция инспекторы болғандықтан, оның жұмысы өте қарқынды. Кей күндері үйге тек түнде, қонуға ғана келіп үлгеретін сәттер де болады. Ондай кездерде мен ананың ғана емес, әкенің де рөлін атқаруға тырысамын. Балалармен сөйлесіп, бағыт-бағдар беріп, «балам, былай істе, адамгершілікті биік ұста, тәртіпті бол» деп ақыл айтып отырамын. Жолдасым да дәл солай. Егер мен қызметте болып, үйде бола алмай қалсам, ол да балалардың тәрбиесіне белсене араласып, тек әкелік емес, аналық мейірімді де көрсете біледі. Себебі біздің ортақ ұстанымымыз — ата-ана болу деген тек атау ғана емес, ол — саналы түрде атқарылатын үлкен жауапкершілік. Баланың тәрбиесі тек ананың не әкенің мойнында емес, бұл – екеуміздің де ортақ парызымыз.

Біз бір-біріміздің орнымызды толықтырып қана қоймай, бір-біріміздің рөлімізді де жақсы түсінеміз. Қай уақытта кімнің қандай жауапкершілік алатынын алдын ала жоспарламаймыз, барлығы жағдайға байланысты, табиғи түрде үйлесіп отырады.  

Отбасылық өмір мен қызметтік міндетті қатар алып жүру — әрине, оңай емес. Бірақ махаббат пен сенім бар жерде, барлық қиындықтар біртіндеп жеңілдеп, өмір өз ырғағына түседі. Ең бастысы — бір-бірімізді қолдау мен түсіністік. Сол кезде бала да, отбасы да, қызмет те өз орнымен үйлеседі.

El.kz: Қанша балаларыңыз бар? Олар болашақта кім болғысы келеді?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Аллаға шүкір, бүгінде үш перзентімізді тәрбиелеп отырмыз. Екі ұлымыз, бір қызымыз бар. Отбасымыздың үлкені – ұлымыз, келесі айда 12 жасқа толғалы отыр. Ортаншы ұлымыз 10 жаста, ал кенжеміз – қыз бала, жасы беске енді келді. Балалар – өміріміздің мәні, тіршілігіміздің қуанышы. Қандай ауыр күн болмасын, жұмыстан шаршап келсек те, олардың күлкісі мен жайдарлы жүзін көру – барша қиындығымызды ұмыттырады.

Балалардың қызығушылығы мен арманы да әртүрлі. Үлкен ұлымыз – өте ұқыпты, сабырлы, жауапкершілігі мол бала. Қазіргі уақытта тіс дәрігері болуды армандайды. «Ауырған адамның жанын емдейтін, тісін ауыртпай қарайтын дәрігер боламын» деп мақтанышпен айтып жүреді. Біз де оған денсаулық саласы – адал еңбек пен мейірімге негізделген сала екенін үнемі айтып отырамыз.

Ортаншы ұлымыз кішкентай кезінен-ақ полиция қызметкерлеріне қатты қызығатын. Тәртіп сақшыларының киіміне, қызметтік көліктеріне ерекше қызығушылықпен қарайды. Қазірдің өзінде: «Мен өскенде патрульдік полиция боламын. Полиция көлігін айдап, тәртіпті қадағалаймын» деп айтып жүреді.  Оның осы қызығушылығы мен ынтасын қолдап, құқық пен әділдік жайында түсіндіріп отырамыз.

Ал кенжеміз – қызымыз  мінезі ашық, бірақ өте сезімтал. Оның қызығушылықтары күн сайын өзгеріп отырады десек те болады. Қазір «мұғалім боламын» деген ойы жиі айтылады. Біз де: «Мұғалім болу – ең маңызды, қадірлі мамандықтардың бірі» деп қолдап, мақтап отырамыз. Әрине, әлі кішкентай болғандықтан, алдағы уақытта ойын тағы өзгертуі мүмкін.

Жалпы алғанда, біз жолдасым екеуміз балаларымыздың болашағына қатысты шешімді оларға қалдырамыз. Өзіміз өмірлік жолымызды саналы түрде таңдадық, дәл сол мүмкіндікті балаларыма да бергіміз келеді. Біз үшін бастысы – олардың таңдаған мамандығын жүрек қалауымен, шынайы сүйіспеншілікпен таңдауы. Себебі адамның таңдаған кәсібі – оның болашақ өміріне, рухани дүниесіне тікелей әсер етеді. Егер адам өз жұмысын жақсы көрмесе, ол салада табысты болу да, бақытты болу да оңай емес. Сондықтан біз олардың арманын шектемей, керісінше, шабыттандыруға тырысамыз. Қандай жолды таңдаса да, ата-ана ретінде әрдайым жанында болып, қолдау көрсетуге дайынбыз.

(Фото: Ерлі-зайыпты полицейлердің жеке мұрағаты)

El.kz: Балаларыңыз екеуіңіздің де полицей екендіктеріңізді, жалпы қызметтік формаларыңызды қалай қабылдайды?

Дина Әубәкірова: Иә, расында, бір отбасында екі бірдей полиция қызметкерінің болуы – жиі кездесе бермейтін жағдай. Бірақ бұл – біздің отбасымыз үшін қалыпты әрі табиғи дүние. Себебі балаларымыз осы қызметтің ішкі ырғағына, тәртібіне, тіпті киім үлгісіне көзін ашқаннан бастап үйреніп келеді.

Бүгінде ұлдарымыз есейіп қалды, екеуі де біздің кім екенімізді, қандай салада қызмет етіп жүргенімізді, ішкі істер саласының қоғамдағы рөлін жақсы түсінеді. Олар үшін бұл – таңсық емес, керісінше, мақтаныш сезімін тудыратын нәрсе сияқты. Себебі полиция қызметкері – тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі екенін біз үйде де, өмірде де үнемі үлгі арқылы көрсетіп келеміз.

Қызығушылық танытып, түрлі сұрақтар қойып жататын кездері де болады. Бірақ «Неге сіздер дәрігер немесе мұғалім болмадыңыздар?» деген сияқты таңырқау сұрақтарды ешқашан қойған емес. Бұл да бір жағынан, біздің қызметімізге құрметпен қатар, бала бойындағы ерте қалыптасқан түсініктің нәтижесі деп ойлаймыз. Мысалы, кейбір отбасыларда таңертең ата-ана жұмысқа кетіп, кешке бір-ақ келеді ғой. Ал біздің салада кез келген уақытта жұмыстан шақырту болуы мүмкін. Мұндай шақыртулар кезінде біз формамызды киіп жатсақ, балалар бірден: «Жұмысқа барайын деп жатырсыздар ма?» деп өздері-ақ аңғарып тұрады. Бұл – олардың біздің қызметке деген үйренген көзқарасының бір көрінісі.

Кішкентай қызымыз да солай. Әлі балабақша жасында болса да, формамызды кие бастағаннан-ақ бізді жұмысқа кетіп бара жатыр деп қабылдайды.  

Біз үшін бұл – үлкен бақыт. Себебі балаларымыз біздің қызметімізге түсіністікпен қарап қана қоймай, оны қабылдай біледі.  

El.kz: Бала орынсыз жылап, мазасызданып жатса, «полицей келіп алып кетеді» деп қорқытатын ата-аналар жиі кездеседі ғой (күліп). Неге екені, қызметтік формадағы тәртіп сақшысын көрген бала бірден жылауын тоқтата салатын сәттерді де көріп жүрміз. Ал сіздер өз балаларыңызға кішкентай кезінде не дейтін едіңіздер?

Дина Әубәкірова: Иә, ондай жағдайғабіз де шақыртуға барған кезде кейде куә болып қалатынбыз (күліп). Бірақ біздің отбасымызда «полицей алып кетеді» деген сөздер ешқашан айтылмайды. Себебі біздің балалар полиция формасына, қызметімізге мүлде жат емес, керісінше, ол оларға таныс әрі сенімді нәрсе.

Балаларға «анау келіп алып кетеді», «мынау жазалайды» деп қорқыту — біздің тәрбиемізде жоқ.  Енді, әрине, қызымыз болса, отбасымыздың кенжесі әрі екі ағасының ерке қарындасы болғандықтан, еркелейді.  2-3 жас кезінде сол еркелік шегіне жеткен кездері болды. Сол кезде біз жеңіл әзіл-қалжыңмен «Қазір дәрігер келеді де, укол салады» деп айтамыз, кейде ол сөзге де күлкімен жауап береді. Ал қазір біздің қызымыз да өсті, 5 жасқа келіп, өзінің ойы мен пікірін айқын білдіретін, ересек балаларша сөйлейтін мінез көрсете бастады. Сондықтан бала тәрбиесінде қорқыту емес, махаббат пен түсіністік маңызды деп есептейміз.

Жалпы, полиция формасы біздің балалар үшін қорқыныш емес, керісінше, қауіпсіздік пен тәртіптің белгісі. Сол себепті олар оны құрметтеп, түсіністікпен қабылдайды.  

El.kz: Қызметті балаларға қалай түсіндіресіздер? Олар үшін сіздер кімсіздер — ата-ана ма, батыр ма?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Балаларымызға полиция қызметкері кім екенін ерте жастан түсіндіруді басты міндетіміз деп санадық. Олар үшін бұл тек мамандық емес, қоғамдағы маңызды миссия екенін үнемі айтып келеміз. Полиция — адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, әділдік пен тәртіпті сақтаушы жауапты мамандық екенін балаларымыз жақсы біледі. Мысалы, әр жылы өтетін балалар күні, мерекелік іс-шаралар мен Ашық есік күндеріне перзенттерімізді міндетті түрде жұмыс орнына ертіп алып барамыз. Онда олар қызметіміздің түрлі қырларымен танысады, жұмыс атмосферасын сезінеді, әріптестеріміздің балаларымен араласады. Балалар үшін мұндай тәжірибе қызықты әрі білімді болады. Олар полицейлердің киімін киіп, арнайы техникаларды көріп, кейде қызметтік міндеттер туралы сұрақтар қойып, белсенділік танытады.

Біздің балаларымыз үшін біз ең алдымен — қамқор әрі мейірімді ата-анамыз. Олар бізді үйде жылы шыраймен қарсы алып, жанұяның берекесін сақтаушы ретінде таниды. Бірақ сонымен қатар, біз олардың көзінде бүгінгі күннің батыры, әділдік пен қауіпсіздіктің символы болып та көрінеміз. Бұл – біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Өйткені баланың көзінде ата-ана — ең бірінші үлгі, әрі күш-қуаттың қайнар көзі. Сондықтан біз әрдайым олардың жүрегінде тек жақсы, жылы және батырлық бейнелер қалыптастыруға тырысамыз.

El.kz: Қызмет барысында бірге шыққан ерекше жағдай немесе есте қалған оқиға бар ма?

Дина Әубәкірова: Иә, ішкі істер саласында жүріп, сан түрлі тағдыр мен түрлі оқиғаның куәсі боламыз ғой. Бірақ олардың арасында адам ретінде де, ата-ана ретінде де жүрегімізге қатты әсер еткен, ешқашан ұмытылмайтын сәттер болады. Солардың бірі – 2017 немесе 2018 жылдары орын алған бір жағдай. Ол кезде мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып қызмет ететінмін. Жолдасым – учаскелік полиция инспекторы. Шақырту жиі түсетін, кейде жұмыс бабымен екеуміз бірге де шығатынбыз. Сол жолы бір жалдамалы пәтерге қатысты арыз келіп түсті. Алты баласы бар жалғызбасты ана балаларына қарамай, өз бетімен сауық-сайран қуып жүр екен. Ал кішкентай балалар аш-жалаңаш, қараусыз қалып қойған.

Біз дереу оқиға орнына жеттік. Пәтерге кірген сәтте көз алдымызда жан түршігерлік көрініс болды: жылап-шаршаған, көздері жәутеңдеген балақайлар  үнсіз отыр. Не күліп, не жылай алмай қалған — зәресі ұшқан күйде. Бір сәтке өзіміздің балаларымыз есімізге түсті. Бұл балалар да солар сияқты… Бірақ өмірдің басқа бір бұрышында, мүлде қорғансыз қалып қойған. Сол сәтте біз үшін бұл — жай ғана қызметтік іс емес, адами борышқа айналды. Бірден дүкенге барып, тамақ алып келіп, балаларды тамақтандырдық. Жан-жағынан жұбатып, олармен бір күн бойы бірге жүрдік. Кейін барлық заң аясындағы рәсімдерді орындап, оларды Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткіздік.

Көз алдымыздан сол жәутеңдеген көздер, бәріне үмітпен қараған балақайлар кетпей қойды. Біз оларды тек уақытша ғана қорғап қала алдық, бірақ олардың болашағы не болады деген ой ұзаққа дейін мазалады. Шамамен 15-20 күн өткен соң ғана аналары балаларын іздеп барғаны жайлы естідік. Бірақ бұл жағдай бізге үлкен ой салып кетті.

Мұндай оқиғалар тек қызметіміздің ауыр салмағын емес, сонымен бірге адам жанындағы мейірімнің, жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін де көрсетеді. Бала – қоғамның аманаты. Ал полиция қызметкері тек тәртіп сақшысы емес, ең алдымен, әлсізге қорғаушы, қорған болатын тұлға.

El.kz: Сонда әлгі әйел осынша уақыт аралығында қайда болған? Балалардың тағдыры не болды? Аналары аналық құқығынан айырылды ма?

Дина Әубәкірова: Иә, бұл жағдай бізге қатты әсер етті. Кейін анықталғандай, балалардың анасы сол күндері таныстарымен көңіл көтеріп, қыдырып жүрген екен. Өкінішке қарай, өзінің балалары аш-жалаңаш, қараусыз үйде қалғанына еш алаңдамаған. Осынша перзентті дүниеге әкеліп, оларды осылай тастап кету – біз үшін ақылға қонымсыз әрекет болды. Расында, ішкі істер саласында талай нәрсені көріп, басымыздан өткеріп келеміз, бірақ дәл осы жағдай жүрекке қатты батты. Әрине, мұндай істе аналық құқығынан айыру жайлы шешімді сот қабылдайды. Біз өз тарапымыздан барлық құжаттар мен дәлелдерді жинап, тиісті органдарға жолдадық. Кейінірек естуімізше, ол әйел балаларын алып, өз төркінінің үйіне кеткен екен. Анасы мен әкесі, ағалары – яғни, нағашы жақтағы туған-туыстары балаларды да, сол әйелді де өз қамқорлықтарына алыпты. Бақылауда ұстап, балалардың қауіпсіздігін өз қолдарына алғанын білдік. Бұл, әрине, аз да болса көңілге жұбаныш болды. Алайда сол оқиға бізді көп ойландырды. Жолдасым екеуміз үйге келсек те, ұзақ уақыт бойы сол балалардың жәутеңдеген көздері көз алдымыздан кетпеді. Өзіміздің де балаларымыз бар, соған қарап жүрегіміз елжіреп кетті. Бір сәтте «бұлай қараусыз қалдырғанша, неге дүниеге әкелді екен?» деген сұрақ көңілімізден шықпады. Себебі ата-аналар арасындағы түсініспеушілік, ажырасу – ол өз алдына бір мәселе. Бірақ ол үшін ешбір бала жазықты болмауы керек қой. Балалардың кінәсі не? Олар тек мейірім мен қамқорлыққа лайық. Бұл жағдай бізге тағы бір нәрсені дәлелдеді — тәрбие мен жанашырлық отбасында ғана емес, бүкіл қоғамда маңызды.   емес, адамдық құндылықтарды да сақтауымыз қажет екенін терең сезіндік.

El.kz: Жұмыстан тыс уақытта полицейлік тақырыпты мүлде қозғамауға тырысасыздар ма, әлде бұл үйреншікті әңгіме ме?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Жоқ, үйде полицейлік тақырыпты қозғай бермейміз. Жұмыстан тыс уақытта сол кәсіби әңгімені артта қалдыруға тырысамыз. Себебі үй — қызмет емес, отбасы жылуы мен тыныштығының ордасы. Әрине, кейде маңызды оқиғалар, қызметтік шақыртулар немесе ойлантатын жағдайлар болады. Ондайда екеуміз өзара ақылдасып, ой бөлісіп қоятынымыз рас. Бірақ мұндай әңгімелерді баланың көзінше қозғамауға тырысамыз. Себебі олардың балалық шағы — қамсыз, мейірім мен сенімге толы болуға тиіс. Қоғамның қиын жақтарын, қызметтің салмағын бала психологиясына ерте жүктегіміз келмейді. Үйде балалардың сабақтары, қызығушылықтары, болашақ армандары, отбасылық жоспарлар туралы жиі сөйлесеміз. Отбасы — ішкі жан дүниенің тынығатын мекені. Сондықтан бұл кеңістікті тек қызметпен толтыруға жол бермейміз.

Бір сөзбен айтқанда, жұмыстан үйге келген кезде біз — полиция қызметкері емес, бала тәрбиесіне көңіл бөлетін қамқор әке мен мейірімді анамыз. Ал қызмет – есіктің сыртында, ертеңгі күннің еншісінде.

El.kz: Жолдасыңыздың кәсіби шеберлігіне куә болған сәтіңізді еске түсіріп көріңізші… Қандай сәттерде мақтан тұтасыз?

Дина Әубәкірова: Жолдасымды тек қызметкер ретінде емес, жалпы адам ретінде – өмірлік серігім, балаларыма үлгі болар әке ретінде, отбасының тірегі ретінде мақтан тұтамын. Қарапайым күнделікті тұрмыста да, жауапты қызмет барысында да оның бойынан адалдық пен табандылықты жиі байқаймын. Өз ісіне деген ұқыптылығы, жауапкершілікпен қарайтыны – мен үшін кәсіби шеберліктің басты көрсеткіші. Мәселен, қандай жағдай болмасын, бір жұмысты бастаған соң соны соңына дейін жеткізбей тынбайды. «Ертең істермін» деген сөзді жолдасымның аузынан есту мүмкін емес.

Қызметтік құжаттарды толтыру, тәртіптік ережелерді сақтау, ресми қатынас қағаздармен жұмыс істеу – бәрін аса мұқият әрі тап-тиянақтай атқарады.   Бұл қасиетін тек әріптестері емес, мен де жоғары бағалаймын. Кей кездері бір мәселені шешу жолында түн жарымына дейін еңбектеніп отырғанын көремін. Сондай сәттерде еріксіз ризашылықпен қараймын.

Жолдасым тек кәсіби жағынан ғана емес, адами қасиеттері жағынан да мен үшін ерекше. Кейде өзі әзілдеп айтатыны бар: «Өлең оқып берейін бе?» деп. Мәнерлеп оқитын өлеңдері сондай әсерлі – тыңдап отырып, шынайы сезімді сезінесің. Жолдастармен бас қосқанда елді өзіне қаратып, сөзімен де, мінезімен де ортаның көркіне айналып кететіні бар. Аздап тамадалық қыры да жоқ емес (күліп). Ешқашан біреуге жоғарыдан қарап сөйлемейді, үлкенді сыйлап, кішіні бауырындай көреді. Шынымды айтсам, жолдасымды  «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп айтып отырамын. Өйткені ол шын мәнінде сол сипатқа лайықты. Үйде – мейірімді жар, қызметте – ұқыпты тәртіп сақшысы, балаларға – қамқор әке. Осындай жанмен бірге өмір сүріп келе жатқаныма әрдайым шүкіршілік етемін.

(Фото: Ерлі-зайыпты полицейлердің жеке мұрағаты)

El.kz: Полиция формасы – міндет пен жауапкершіліктің символы. Бұл сіздер үшін нені білдіреді?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Полиция формасы — жай ғана киім емес. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік пен ел алдындағы антымыздың айғағы, міндетіміздің киелі белгісі. Біз ішкі істер саласында қызмет етеміз деп шешім қабылдаған сәттен бастап, ең алдымен адалдық пен тәртіпті басты қағида етіп алдық. Ант бердік. Сол антымызға берік болу — өмірлік ұстанымымызға айналды.

Форманы киген сайын жүрегімізде бір салмақ, бір сергектік пайда болады. Себебі бұл форма – халықтың сенімі, ел тыныштығы үшін қызмет етуге арналған киелі мандат. Бүгінгі қоғамда түрлі қиындық, сын-қатерлер бар. Бірақ қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте халық полициядан көмек күтеді. Көзі жәутеңдеп келген баладан бастап, әділдік іздеген қарияға дейін үмітін тәртіп сақшысына артады. Біз соны жақсы түсінеміз. Бұл – үлкен сенім. Әр сөзің мен әрекетің – халық пен құқық қорғау саласының абыройына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз үшін полиция формасы – тек қызметтік киім емес, ол — намыс, абырой және әр күнгі адал еңбектің символы. Біз бұл саланы жүрек қалауымен таңдадық, сондықтан қызметімізге тек міндет ретінде емес, өмірлік миссия ретінде қараймыз.

El.kz: Қоғамның полиция қызметіне деген көзқарасы қай жағынан, қаншалықты деңгейде өзгеріп келеді деп ойлайсыздар?  

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Соңғы жылдары қоғамның тәртіп сақшыларына деген көзқарасында оң өзгерістер байқалып келеді. Халықтың полицияға деген үміті артып отыр. Қандай да бір оқиға орын алса, бірінші кезекте жұрт тәртіп сақшыларынан көмек күтеді. Бұл — біз үшін үлкен жауапкершілік. Мысалы, қарапайым дүкендегі ұсақ ұрлықтың өзі зардап шеккен адам үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Себебі кейбір азаматтар сол шағын саудамен күн көріп отыр. Біз үшін әрбір іс маңызды, әрбір арыз – назарда. Қылмыс ашылып, кінәлі жазасын алған кезде халықтың алғысын естіген сәттер – еңбегіміздің өтеуі, көңілге медеу.

Қоғам мен полиция арасындағы сенімді байланысты нығайту үшін тәртіп сақшылары әрдайым ашық, әділ әрі жанашыр болуға тиіс. Біз өз тарапымыздан осы қағидаларға берік болуға тырысамыз.  

El.kz: Қызмет барысында қандай ұстанымдардан ешқашан бас тартпайсыздар?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Біз ішкі істер саласын жай мамандық ретінде емес, жүрек қалауымен таңдап келдік. Сондықтан бұл жолда өзімізге мызғымас ұстанымдар қойдық. Соның ең бастысы – антқа адалдық. Қазақстан Республикасы алдында берген сертіміз – біздің қызметіміздің іргетасы. Бұл – жай сөз емес, өмірлік жауапкершілік.

Біз үшін халыққа қызмет ету – уақытпен шектелмейтін міндет. Күннің қай мезгілі, түннің қай уақыты екеніне қарамастан, егер еліміз бен азаматтарымыздың тыныштығы үшін бірдеңе қажет болса, шақырту келсе – ешқашан бас тартпаймыз. Себебі біз таңдаған сала дәл осы сергектік пен табандылықты талап етеді.

Әрбір азаматтың құқығын қорғау – біздің басты міндетіміз. Қызмет барысында адам тағдыры таразыға түсетін сәттер аз емес. Сол кезде әділ шешім қабылдау, ешкімге жалтақтамай, заң аясында әрекет ету – басты қағидамыз. Қай кезде де қарапайым халықтың сенімі мен үмітін ақтау – біздің парызымыз.  

El.kz: Қызмет барысында ішкі тәртіп пен заң талаптарын сақтай отырып, жеке қарым-қатынасты шектеуге тура келетін сәттер болды ма?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Иә, бұл – ішкі істер саласының өзіндік ерекшелігі. Бұл қызметте эмоцияға, жақын-жуыққа, таныстыққа орын жоқ. Біз заң аясында, ішкі тәртіпке сай әрекет етуге ант бергенбіз. Қызмет бабында кім болса да, алдымен ол – азамат. Яғни әрбір істі заңға сүйеніп бағамдаймыз. Бұл – кәсіби жауапкершілік.

Жеке қарым-қатынасқа келсек, біз бұл мәселеде бір-бірімізді толық түсінеміз. Артық сөзге, орынсыз қызғанышқа, түсініспеушілікке орын жоқ. Себебі екеуміз де бір салада қызмет ететіндіктен, бір-біріміздің жұмыс ерекшелігімізді жақсы білеміз. Полиция формасын киген сәттен бастап, біз ең алдымен мемлекет атынан сөйлейтін қызметкерміз. Сол үшін кей жағдайларда ішкі тәртіп талаптарына байланысты жеке эмоциямызды шектеуге тура келеді.

Қызметте формадағы полицей болсақ, үйде – бір-бірімізге жанашыр жар, қамқор ата-ана, берік отбасы иесіміз. Сол шекараны анық сезіну – бір жағынан өзара сенімді, екінші жағынан кәсіби әдепті сақтауға көмектеседі. Яғни біз үшін ішкі тәртіп пен заң – бұлжымас қағида. Ал отбасылық қарым-қатынас – сенім мен түсіністікке құрылған. Осы екі әлемнің тепе-теңдігін сақтау – біздің өмірлік тәжірибеміз бен ортақ көзқарасымыздың нәтижесі.

El.kz: Бір салада жүріп, бір-біріңіздің демеуіңіз болу қаншалықты маңызды?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Бұл – біздің ең үлкен артықшылығымыздың бірі дер едік. Ерлі-зайыпты болып бір салада еңбек ету – сырт көзге күрделі көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл – өзара түсіністіктің, қолдаудың, жанашырлықтың мықты тірегі. Өйткені екеуміз де бір мамандықтың, бір саланың қыр-сырын жақсы білеміз. Қандай да бір жағдай туындағанда, артық түсіндірудің, ақталудың қажеті болмайды – бір ауыз сөзден-ақ бәрі түсінікті.

Қызмет барысында әртүрлі ауыр шақтар, күрделі шешім қабылдауды қажет ететін сәттер болады. Міне, сондайда бір-бірімізге демеу бола білу, жылы сөзбен, үнсіз қолдаумен жігер беру – өте маңызды. Бір салада жүргендіктен, бұл қолдаудың салмағы да, мағынасы да ерекше болады. Себебі сырттағы адам түсіне бермейтін сезім мен жауапкершілікті тек осы саланың адамы сезінеді.

El.kz: Бір-біріңізге кәсіби тұрғыда ескерту немесе сын айтатын кездер бола ма?

Дина Әубәкірова: Әрине, болады. Біз ішкі істер саласында жүргендіктен, алдымызға келетін әрбір азамат – өзінің бір мәселесімен, мұңымен келеді. Полицияға ешкім еріккеннен жүгінбейді. Бірінің мүлкі ұрланған, екіншісінің құқығы бұзылған. Мұндай жағдайда біз, ең алдымен, адамға жанашырлықпен қарап, заң аясында дұрыс бағыт-бағдар беруіміз қажет. Халықпен жұмыс істеген соң, ең бастысы – қоғамға үлгі болу, өзімізді әрдайым сыпайы, сабырлы ұстау. Әрине, жұмыс барысында түрлі мінез-құлықтағы адамдар кездеседі. Заңды білмей, дөрекі сөйлейтіндер де болады. Ондай кезде кәсіби төзімділік пен ішкі мәдениет аса маңызды. Ашуға бой алдырмай, салқынқандылықпен жауап беру – нағыз полицейге тән қасиет. Біз осыны бір-бірімізге үнемі ескертіп отырамыз.

Кейде жолдасым қандай да бір іс-әрекетіме байланысты: “Мына жерде сәл артық кеткен шығарсың”, немесе “Басқаша жеткізуге болар еді” деп сыпайы түрде сын айтып, түзетіп жатады. Мен де сондай жағдайда өз пікірімді білдіремін. Бұл біз үшін сын емес, өзара кәсіби қолдау.

Жеке тәртіп пен ұқыптылыққа келсек, жолдасым өте мұқият адам. Құжаттарын, сөмкесін, формасын – бәрін тап-тиянақтай қылып ұстайды. Тіпті әйел адам ретінде мен кейде ондайға онша мән бере бермей қаламын. Сол сәттерде жолдасыма қарап, өзіме де талап қоя бастаймын. Ол маған сыртқы келбет, сөйлеу мәнері жайлы да ескертіп отырады. “Қысқа киме, былай сөйлеме, халыққа қалай көрініп жатқаныңды ұмытпа” дейді. Бұл мен үшін шектеу емес, керісінше – қамқорлық пен кәсіби жауапкершілікке үндейтін кеңес.

Бір салада жүрген соң, біз бір-біріміздің жұмыстағы әрекеттерімізге бейжай қарай алмаймыз. Сын айту – біз үшін кемшілік іздеу емес, жақсырақ болуға, өсіп-дамуға мүмкіндік беру.

El.kz: Ал өмірде жолдасыңыздан не үйрендіңіз?

Дина Әубәкірова: Ойланып жатпастан айта аламын – тәртіп пен тазалықты жолдасымнан үйрендім. Бұл – жай ғана үй ішін жинастыру немесе киімнің үтіктелуі емес. Бұл – өмір салтына айналған тазалық пен ұқыптылық. Жолдасым үйдің ішіндегі де, сыртыңдағы да тазалыққа, жинақылыққа ерекше мән береді. Үйде бір нәрсе орнында тұрмай қалса немесе артық зат шашылып жатса, бірден байқайды. Балалардың да киімі, жүріс-тұрысы, бәрі жинақы болғанын қалайды.

El.kz: Дина, полиция қызметкері ретінде емес, ең алдымен ана ретінде жауап берсеңіз, бүгінгі күні балалар неден қорғалуы керек?

Дина Әубәкірова: Баланың ең үлкен қорғаны — ата-анасының мейірімі мен қамқорлығы. Қандай қызмет атқарып жүрсек те, қанша жұмыспен басымыз қатса да, баланың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлу – біздің басты міндетіміз. Әр бала жүрегінде мейірім ұялап, ата-ананың жылуын сезініп өсуі керек. Өкінішке қарай, біз қызмет барысында ата-анасының қарауынсыз қалған, өмірден жылу көрмей өскен балаларды жиі кездестіреміз.

Қазір қоғамда неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Зорлық-зомбылық, қылмыс, қатыгездік – бұл жай сөз емес, өкінішке қарай, өмірлік шындық. Осындай қауіп-қатердің алдын алу үшін балаларға кішкентай кезінен бастап жақсы мен жаманды ажыратуды, адамгершілік пен заң аясында өмір сүруді үйрету керек. «Біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды» деген қарапайым түсініктің өзі — болашақта үлкен жауапкершіліктің іргетасы. Мысалы, біреудің қаламын сұрамай алудың өзі — ұрлық. Біз баланың санасына осыны ерте жастан сіңіре білуіміз керек. Баланың жүрегінде ар-ұят, әділеттілік, мейірім мен тәртіп деген ұғымдар қалыптасса, ол өмірде қандай жағдайға тап болса да, дұрыс шешім қабылдай алады. Ащы болса да шындық, қоғамдағы арам пиғылды жандардан балалар қорғалуы керек.

(Фото: Ерлі-зайыпты полицейлердің жеке мұрағаты)

El.kz: Отбасылық өмірде және қызметте басты армандарыңыз қандай?

Азамат Салтөреев пен Дина Әубәкірова: Армансыз адам болмайды. Біздің де өмірлік және қызметтік арманымыз көп, бірақ соның ең бастысы — балаларымыздың болашағы жарқын болса, өз қатарынан қалмай, сапалы білім алып, жақсы адам болып өсуі. Біз үшін ең үлкен жетістік — перзенттеріміздің тәрбиелі, білімді, өз жолын дұрыс таба алған азамат болып өсуі. Өздері қалаған маман иесі болып, өз орнын тапса дейміз. Сол жолда ата-ана ретінде қолдан келгеннің бәрін жасап, демеу болсақ, сол — біздің арманымыздың орындалғаны.

Үйлі-баранды болып, елге, отбасына пайдасы тиетін жандардың қатарында жүрсе екен дейміз. Әр ата-ана баласының ешкімнен кем болмауын қалайды ғой. Біз де соны қалаймыз. Бастысы – ел аман, денсаулық мықты болсын, қалғаны еңбекпен келеді.

Ал енді қызмет бабына келсек, қазіргі таңда екеуміздің де шеніміз — полиция майоры. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Алда бұдан да биік белестерді бағындырып, шеніміз өссе, ол да бір мақсаттың орындалғаны болар еді. Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ дейді ғой, біз де ішкі істер саласында адал еңбек етіп, абыроймен биіктен көрінсек дейміз. Соңында құрметті зейнеткерлікке еш өкінішсіз, еңсеміз тік, абыроймен жетсек, одан асқан арман жоқ шығар.

El.kz: Полиция қызметінің мерекесіне орай әріптестеріңізге айтар қандай тілектеріңіз бар? 

Дина Әубәкірова: Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда ерекше бір сезіммен айта кетейін: мен ел полициясының түйдей құрдасымын, яғни дәл сол жылы дүниеге келіппін. Бұл — мен үшін үлкен мақтаныш. Осындай маңызды мерекеде барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым ел үшін атқарып жатқан адал еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!

Азамат Салтөреев: Ішкі істер саласының әрбір қызметкері — ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігінің күзетінде тұрған нағыз батыр. Сондықтан әріптестеріме ең алдымен мықты денсаулық, қызметте табыс, отбасында береке мен тыныштық тілеймін.

Сіздердің абыройлы қызметтеріңіз — өскелең ұрпаққа үлгі, елге сенім. Ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, ел амандығы жолында қажырлы еңбектеріңіз елене берсін!

El.kz: Сырлы сұхбаттарыңызға рахмет! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!