Түркістанда биыл жыл соңына дейін 40-қа жуық өрт сөндіру бекеті құрылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Баспасөз мәслихатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Қуатбекұлы өңірдегі өрт ахуалына тоқталды.
Облыс аумағында 478 елді мекен аумағында өртке қарсы минералды жолақ жасау жұмыстары атқарылып, құрғақ шөптерден тазартылды. Сондай-ақ, 37 маусымдық өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарланып, бүгінгі таңда 25 бекет құрылды. Биыл жыл басынан орманды жерлерде 173 гектар алқапты шарпыған 2 өрт тіркелді. Сонымен қатар, облыс аумағында 124 елді мекен орман қоры аумағына шекаралас орналасқан. Олар Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Арыс, Ордабасы, Кентау, Шардара аудандарында. Аталған аудандарда арнайы топтар құрылып, қазіргі таңда күнделікті тексеріс жұмыстары жүргізілуде, – деді спикер.
Брифингте баяндама жасаған екінші спикер – облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Нұрмаханұлының айтуынша, жыл басынан бері өңір аумағында түрлі жағдайларда 39 адамның суға кету дерегі тіркелсе, оның 16-ы жас балалар. Биыл 1 841 рет рейд жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 129 жеке тұлғаға айыппұл салынды.
Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес шомылуға арналған 27 орын белгіленген. Биыл шомылу орнын 70-ге арттыру жоспарлануда. Шардара су қоймасындағы жеке жағажайлар, Ордабасы ауданындағы коммуналдық жағажайлар өз жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда облыс аумағындағы жалпы каркасты бассейндер саны 233-ке жетіп отыр. Жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде балаларды және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында 54 меморандумға қол қоя отырып, бір мезетте 6 000-нан астам бала тегін шомылуда,-деді ол.