Қазақстанда неке сақиналарының бағасы күрт қымбаттай бастады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тек наурыз айының өзінде алтын сақиналардың бағасы 5,5% өскен. Ал бір жыл ішінде өсім тіпті айтарлықтай – 45%-ға дейін жеткен.
Өңірлер арасындағы айырмашылық та назар аударарлық. Ең төменгі қымбаттау Маңғыстау облысында тіркеліп, 14,5%-ды құраған. Шымкентте баға 29%-ға, Астанада 29,9%-ға артқан. Ал ең жоғары өсім Ұлытау облысында байқалып отыр – мұнда бір жылда неке сақиналары 71%-ға дейін қымбаттаған.
Сонымен қатар елде зергерлік бұйымдарға сұраныс азаймаған. Керісінше, өндіріс көлемі өсіп келеді. 2025 жыл қорытындысы бойынша зергерлік өнімдер өндірісі 7,7%-ға артып, жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеге жеткен.
Алтын бағасы бір жылда айтарлықтай өсті
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, соңғы екі жылда алтын бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
2024 жылдың 15 сәуірінде алтынның бір грамы 34 485 теңге болған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 53 658 теңгеге жетсе, 2026 жылдың дәл осы күні баға 73 176 теңгеге дейін көтерілген.
Яғни екі жылдың ішінде алтын бағасы екі есеге жуық өссе, соңғы бір жылда шамамен 36% қымбаттаған. Сарапшылардың айтуынша, алтын әрдайым тұрақты әрі құнды актив ретінде бағаланады. Әсіресе экономикалық тұрақсыздық кезеңінде оған деген сұраныс артып, баға да өседі.
Айта кетейік, бұған дейін жұптарға қай айда үйленгені дұрыс екені жайлы жазған едік.
