in

Қоғам тыныштығы – тәртіп сақшыларының күнделікті міндеті

Астанада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысы. El.kz тілшісі олардың қызмет барысын көзбен көріп қайтты.

Таңмен бірге басталатын тәртіп

Патрульдік полиция қызметкерлері үшін күн таң атпай басталады. Олар сағат алтыда полкке жиналып, саптық жиналысқа қатысады, нұсқаулық алады және өз аудандарына бет алады. Бұл тәртіп күн сайын қайталанатын, бірақ мазмұны әрқашан өзгеріп тұратын күрделі әрі жауапты жұмыс.

Суреттер: Ернұр Ізім

Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Алмат Бейсенбаев бұл қызметте он екі жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, патрульдік қызмет – тек көлік қозғалысын бақылап қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін сала.

Сурет: Ернұр Ізім

Біздің басты міндетіміз – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқығын қорғау. Қала қонақтары мен тұрғындарының қауіпсіздігі – біздің мойнымыздағы жауапкершілік. Бұл – оңай емес, бірақ аса маңызды жұмыс, – дейді Алмат Бейсенбаев.

Тәртіп бұзған көлік жүргізушісі мен жаяу жүргіншілер

Бүгін Астана қаласы Есіл ауданына жауапты Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Алмат Бейсенбаев және осы полктің қызмет инспекторы, полиция капитаны Дәулет Жиенбаймен бірге қала көшелерін аралап, нақты құқық бұзушылықтарға куә болдық.

Суреттер: Ернұр Ізім

Қызыл шамға қарамастан қиылыстан өтіп кеткен жүргізуші тоқтатылып, әкімшілік хаттама толтырылды. 

Сурет: Ернұр Ізім

Бұл құқық бұзушылық – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 599-бабы, 1-тармағына сәйкес рәсімделді. Жүргізушіге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, айыппұлдың көлемі түсіндірілді. Әр әрекетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған, – дейді Дәулет Жиенбай.

Көп ұзамай жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен екі жаяу жүргінші де тоқтатылды. Олардың біріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Суреттер: Ернұр Ізім

Бұл жерден өтуге болмайды. Мұнда жиі апатты жағдайлар орын алып жатады. Біз жаяу жүргіншілерге де түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Екеуі де кәмелет жасқа толған азаматшалар, – деп атап өтті Дәулет Жиенбай.

Жедел әрекет пен камералық бақылау

Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйесінің де орны ерекше. Көшелерде орнатылған жүздеген камералар күндіз-түні құқық бұзушылықтарды бақылап отырады. Жедел басқару орталығынан түскен мәліметтерге сәйкес, патрульдік полиция бірден әрекет етеді.

Сурет: Ернұр Ізім

Камералар арқылы біз көптеген құқық бұзушылықты дер кезінде анықтаймыз. Жедел басқару орталығы қай жерде қандай заң бұзушылық орын алғанын, кім қай бағытта кетіп бара жатқанын нақты рация арқылы хабарлап отырады. Бұл – біздің жұмысымызды жеңілдететін әрі дәлелді ететін құрал, – дейді Алмат Бейсенбаев.

Суреттер: Ернұр Ізім

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айында республика бойынша бейнебақылау арқылы полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 6 931 дерегін анықтады. Оның ішінде 6 813 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Астанада осындай 15 құқықбұзушылық тіркеліп, 12 азаматқа айыппұл салынды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елордадағы камералар саны өсіп келеді.

Қазіргі таңда Астанада 207 мың бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оның 36 мыңы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл былтырғыдан 2 мыңға көп. Бұл көрсеткіш – қаланың қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге және экологиялық жағдайды бақылаудың тиімділігін арттыруға ұмтылысын білдіреді, – деді ведомство өкілдері.

Қала қауіпсіздігі – әрбір сәттің есебі

Патрульдік полиция қызметі – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ күн сайын мыңдаған адамның амандығына қызмет ететін жүйе. Тәртіп сақшылары үшін әр шақырту – жаңа жауапкершілік. Олардың еңбегі тек айыппұл толтырумен емес, түсіндіру, алдын алу, қоғамға үлгі болумен өлшенеді.

Суреттер: Ернұр Ізім

Қызықты немесе есте қаларлық шақыртулар өте көп. Бірақ олардың бәрі – жұмыс барысындағы үйреншікті жағдайға айналған. Бастысы – әрбір іске бей-жай қарамай, тиісті шешім қабылдау, – дейді Дәулет Жиенбай. 

Әр ескерту – тәртіпке шақыру, әр әрекет – қауіптің алдын алу. Қаладағы бейбіт өмірдің артында осындай қырағы қызметкерлердің еңбегі жатқанын естен шығармаған жөн.