in

Әлия Молдағұлова мемориалды музейінде балаларға экскурсия ұйымдастырылды

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейінде «Әлия — қаһармандық дастаны» атты тақырыптық экскурсия мен деректі фильмдер көрсетілімі өтті. Бұл іс-шара Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру, батырлардың өмір жолын насихаттау және тарихи жадыны сақтау мақсатында өткізілген іс-шараға Ақтөбе қаласындағы №21 мамандандырылған гимназияның оқушылары қатысты. Балаларға музей қызметкерлері Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі жайында мәліметтер берді.

Әлия туралы қызықты мәліметтер білдім, батырдың қай мектепте оқығаны, соғысқа қай жерден аттанғаны, құралайды көзге атқан мерген болғаны, ерлігі, Отан үшін жанын қиғаны — барлық мәлімет өте әсерлі болды, батыр апамыздың ерлігі — бізге үлгі, – дейді аталған мектептің 5-сынып оқушысы Ханна Жасқайрат.

Оқушыларды алып келген мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Коленкина бұл іс-шара мектеп оқушылары үшін тәрбие сағатының бір бөлігі болғанын айтады.

Мектебімізде Жеңістің — 80, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Ерлік сабақтары» тақырыбында тәрбие сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы тәрбие жұмыстары аясында оқушылар Әлия музейіне келіп, батырдың өмірі мен ерлігі туралы ақпараттармен танысып жатыр. Өткен сенбіде музейге 2 «Б» сыныбы оқушылары келіп, Әлияның туыстарымен кездесті. Мектебіміздің 2-сынып оқушысы Қайсар Құдайберген «Әлияның атын шығарған тұлғалар» атты ғылыми жоба әзірлеп, ғылыми жобалар байқауына қатысты,-деді ол.

Музей директоры Жанар Мақсұтова  жөндеу жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталған музейге келушілер қатары 2-3 есе көбейгенін айтады.

Әсіресе оқушылар, балалар белсенділік танытуда. Қала тұрғындары, шаһарымыздың қонақтары да күн құрғатпай келіп жатыр. Музей залының экспозициясында қойылған AR-технология, VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, «Визуализация», цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, Әлияның хат жазып отырған голограммасы, «3D анимация» голографиясындағы виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, виртуалды тур, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск келушілерге ерекше әсер ететіні айқын,-деді музей директоры.

Экскурсия соңында оқушыларға Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм көрсетілді.