Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 210 жас лейтенантын шығаруға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жас офицерлерді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, жоғары оқу орнының басшылығы мен Қарулы күштер ардагерлері құттықтады.
Биыл құрылғанына 55 жыл толатын жоғары оқу орнының қабырғасында жан-жақты білім алып, кәсіби дайындықтан өттіңіздер. Отан игілігі үшін алдағы қызметте тек табыс тілеймін. Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі атағын мақтанышпен алып жүріңіздер, – деді Бас штаб бастығы.
Институт басшылығы биылғы шығарылымның әскери дайындықтың жоғары деңгейімен ғана емес, сонымен қатар ғылыми, спорттық және қоғамдық қызметтегі жетістіктерімен де ерекшеленетінін атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерекелік шараға түлектердің туыстары, жақындары мен достары қатысты. Салтанатты жағдайда түлектерге дипломдар табыс етілді. Содан кейін институттың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Жас лейтенанттарға әскери жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломдар салтанатты жағдайда табысталды.