Балаға берілетін ең үлкен сыйлық – оның болашағына салынған инвестиция. Алайда көптеген ата-ана күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп, баланың білімі мен баспанасына ерте бастан қаржы жинаудың маңызын ескере бермейді. Ал бүгінде Қазақстанда баланың болашағына қаражат жинауға мүмкіндік беретін арнайы депозиттер мен мемлекеттік бағдарламалар бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазір Қазақстанда балаларға арналған бірнеше депозит бар. Олардың қатарында білім беру депозиттері, тұрғын үй жинақтары және мемлекеттік бағдарламалар қамтылған.
AQYL – білімге арналған депозит
Қазақстандағы ең танымал балалар депозиттерінің бірі – AQYL білім беру жинақтау салымы. Бұл депозит баланың колледжде немесе жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеуге арналған.
AQYL депозитін ата-ананың немесе баланың атына ашуға болады. Жинақталған қаражатты Қазақстандағы ғана емес, шетелдегі оқу орындарында білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар.
Қазіргі уақытта AQYL білім беру депозитін мына банктерде ашуға болады:
Бағдарламаның басты артықшылығы – мемлекет тарапынан берілетін сыйлықақы. Кәдімгі салымшылар үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы мөлшері 5 пайыз болса, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға 7 пайыз көлемінде төленеді. Бұдан бөлек, депозитке банктің сыйақысы да қосылады.
AQYL депозиті аясында 2025 жылдан бастап іске қосылған «Келешек» бағдарламасы қосымша мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйе бойынша бес жасқа толған балаларға мемлекет бастапқы білім беру капиталын аударады.
2026 жылы бес жасқа толған балалардың депозитіне 259 500 теңге көлемінде бастапқы капитал түседі. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл сома 519 000 теңгені құрайды.
Алайда бұл қаражатты сақтау үшін ата-аналар жыл сайын депозитті толықтырып отыруы қажет. Көпшілік отбасылар үшін ең төменгі жарна көлемі – 103 800 теңге. Әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін бұл көрсеткіш 51 900 теңге болып белгіленген.
«Арнау» тұрғын үй депозиті
Баласының болашақтағы баспанасына ақша жинауды жоспарлайтын ата-аналар үшін арнайы тұрғын үй депозиттері де қарастырылған.
Солардың бірі – «Арнау» депозиті. Бұл бағдарлама арқылы ата-аналар ұзақ мерзім бойы қаражат жинап, кейін бала кәмелет жасына толғанда жеңілдетілген тұрғын үй рәсімдей алады.
Айта кету керек, «Арнау» депозиті тек Отбасы банкте ашылады.
Бағдарлама бойынша банк жылдық 2 пайыз сыйақы төлейді. Ал қажетті жинақ көлемі қалыптасқаннан кейін тұрғын үй заемын жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен алу мүмкіндігі бар.
Мұндай депозиттерді ата-аналар немесе қамқоршылар аша алады. Оны туыстары мен жақындары да толықтыра алады.
Балаларға арналған стандартты депозиттер
Қазақстандағы көптеген екінші деңгейлі банктер балаларға арналған стандартты депозиттер ұсынады. Әдетте мұндай шоттарды ата-аналар ашады, ал кейбір банктерде балалар белгілі бір жасқа жеткен соң жинағын мобильді қосымша арқылы өздері басқара алады.
Балаларға немесе кәмелетке толмағандардың атына депозит ашуға мүмкіндік беретін банктердің қатарында:
Мұндай депозиттердің ерекшелігі – қаражатты кез келген мақсатқа жинауға болады. Яғни білім алу немесе тұрғын үймен ғана шектелмейді.
Сыйақы мөлшерлемесі, ең төменгі салым көлемі және депозит шарттары әр банкте әртүрлі болады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы
2024 жылдан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істейді.
Бағдарлама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы елдегі барлық балалардың арнайы шоттарына аударылып отырады. Бұл қаражат автоматты түрде есептеледі және арнайы депозит ашудың қажеті жоқ.
Бағдарламаға қатысу үшін ешқандай банкке барып шот ашудың қажеті жоқ. Қаражат автоматты түрде барлық Қазақстан азаматтығы бар балаларға есептеледі.
Жиналған қаражатты бала 18 жасқа толғаннан кейін жоғары білім алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалана алады.
2024 жылы кәмелет жасына толған жастардың әрқайсысына шамамен 100 АҚШ доллары көлемінде алғашқы төлем есептелген болатын.
Қандай депозит тиімді?
Егер ата-ананың мақсаты баланың жоғары білім алуына қаражат жинау болса, AQYL депозиті ең тиімді құралдардың бірі саналады. Себебі мұнда банк сыйақысымен қатар мемлекеттік сыйлықақы және «Келешек» бағдарламасы бойынша бастапқы капитал қарастырылған.
Егер мақсат болашақта балаға баспана алып беру болса, онда Отбасы банктегі «Арнау» тұрғын үй депозиті тиімді нұсқа саналады.
Ал қаражатты еркін мақсаттарға жинағысы келетін ата-аналар үшін Halyk Bank, Kaspi Bank, ForteBank, Банк ЦентрКредит, Нұрбанк және басқа банктердің балалар депозиттері қолайлы болуы мүмкін.
Қалай болғанда да, балаға арналған жинақты ерте бастаған отбасының болашақтағы қаржылық жүктемесі әлдеқайда аз болады.
