20-22 маусым аралығында Астанадағы «Арғымақ» ат спорты және салт атты клубының базасында конкур (кедергілерден өту) бойынша Қазақстан Республикасының кубогы өтуде. Бұл – ұлттық спорт күнтізбесіндегі ең маңызды жарыстардың бірі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жарысқа Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан және Алматы облысынан келген тәжірибелі спортшылар қатысып жатыр. Барлығы – 30-ға жуық шабандоз. Жарыс екі санатта өткізіліп, қатысушылар 120-дан 145 см-ге дейінгі биіктіктегі алты түрлі кедергіден өтуде өз шеберліктерін көрсетеді.
Жарыс халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен және халықаралық стандарттарға толық сәйкес ұйымдастырылған. Бұл кәсіби төрелік пен әділ бағалауға кепілдік береді.
Қазақстан кубогы – тәжірибелі спортшылар үшін өте маңызды дода. Бұл жерде жеңімпаз анықталып қана қоймайды, болашағы зор шабандоздар мен тұлпарлар іріктеледі. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапына үміткер спортшыларды анықтайтын маңызды кезең болып саналады, – дейді ҚР ат спортынан бас бапкері Әсет Толқымбеков.
Жүлде қоры – 2 миллион теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталмақ.
Жарысқа төрт өңірден спортшылар келді. Бұл – үлкен спортшылар арасындағы байрақты бәсеке. Конкур – ерекше спорт түрі. Ат пен шабандоз арасында терең байланыс орнауы керек. Біздің жарыстарға аттар 7 жасынан бастап қатыса алады. Олар 3 жастан бастап кемінде төрт жыл дайындықтан өтеді. Аттар Қазақстаннан да, Еуропадан да әкелінеді, – деді бас бапкер.
Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан жас спортшы Малика Серік ат спортымен он жылдан бері айналысады. Соңғы 4-5 жылда кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді.
Бүгінгі жарыс мен үшін жақсы деңгейде өтті. Дегенмен, бір қателік жіберіп қойдым, өз өнеріме толық көңілім толмады. Келесі кезеңде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын, – дейді ол.
Малика бұған дейін Кореяда өткен халықаралық жарыста I орын алғанын атап өтті.
Жарыс алдында қобалжу болды, бірақ өте жақсы деңгейде өтті. Спорттағы ең үлкен қиындық – тәртіп пен мінез. Кез келген қиын сәтте өзімді жігерлендіріп, келесі жарыстарға дайындаламын, – дейді жас спортшы.
Менің тұлпарым – Мекада, бұл ат Қазақстанда өсіп-жетілген. Болашақта олимпиада чемпионы болу – басты мақсатым, – деді спортшы.