in

Біреу мықты деп отырмаймыз, қарсыластар бізден қорықсын – Елдос Сайдалин

Елдос Сайдалиннің Қазақстанның әйелдер құрамасына тағайындалғанына бар-жоғы бір жыл уақыт өтті. Соған қарамастан ол Олимпиаданың қола жүлдегерін, Азия біріншілігінің бес жеңімпазын және үш әлем чемпионын дайындады. Осы орайда бас бапкер АQYRYS SEITQAZY YouTube арнасына сұхбат беріп, жетістіктің сырын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Әлем біріншілігіне қандай мақсат-жоспармен бардыңыздар?

– Алтын медаль үшін бардық. Он екі қыз апарсақ, он екі алтын аламыз деп мақсат қойдық. Барлығы өз деңгейінде өнер көрсетті. Кейбіріне жеребе жолдас болмады, сәттілік жетіспеді. Әйтпесе бәрі тырысып бақты. Қандай қиындық болсын шыдады. Негізі нағыз бабында болды деп айта алмаймын. Алла қаласа, Азия ойындарына жоспардағыдай дайындық жасап, толықтай әлеуетін көрсетеміз деген ой бар.

Қыздарға да, жеке бапкерлеріне де, құраманың жаттықтырушылары мен дәрігерлерге де алғыс айтамын. Бәрі жұмыс істеді. Командалық ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Соның арқасында осындай жақсы жетістікке жеттік. Мұнымен тоқтамаймыз, бұл тек бастамасы, себебі боксшыларымыздың бұдан да үлкен жетістікке жете алатынына сенімдімін.

– Әйелдер боксы Олимпиадаға 2012 жылы енсе, сол жылы Марина Вольнова қола жүлдегер атанды, одан кейін Дариға Шәкімова үздік үштікке енді. Токиода жүлде болмады. Бірақ негізгі мақсат алтын екені түсінікті ғой…

– Бізде Олимпиада ойындарында ғана емес, Азия ойындарында да әлі алтын жоқ. Күміс қола болған, бірақ алтын жоқ. Сол олқылықтың орнын толтырсақ дейміз, себебі оған қыздардың әлеуеті жетеді. Тәжірибелі боксшылар ғана емес, жастар, жасөпірімдер арасында болашағынан зор үміт күттіретін боксшыларымыз көп. 2028 жылғы Олимпиада ойындарына солардың арасынан да апаруымыз мүмкін.

– Жасақталған құрамда баланстың болғаны қуантты. Тәжірибелі боксшылармен қатар жастар да бар. Осы орайда соңғы жылдары жақсы өнер көрсеткен Надежда Рябец туралы білсек деймін. Себебі Надежданың құрамаға оралғанын естідік.

– Бапкер болып тағайындалған соң өзі маған хабарласып, жаттығуды бастауға рұқсат сұрады. Қуана келістім, себебі бізге көзінде оты бар, құлшынып тұрған кез келген боксшы керек. Қарағандыда болған Қазақстан чемпионатында 81 келіде бокстасып, чемпион атанды. Рябец кейін 75 келіге түсті. Салмақты әлі де қуамыз деп отыр. Бапкері екеуі 65 келіге дейін барамыз деп отыр. Бізге бәсекелестіктің болғаны жақсы. Надежданың ерекше қасиеті, ол салқынқанды, жанып кету дегенді білмейді, соңына дейін бокстасады. Сондықтан құрамаға қосылғанына қуаныштымыз.

– Әлем чемпионатына Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекованың өзара келісіп, әртүрлі салмақтарда барғаны қуантты. Ал Назымның 48 келіде алтын үшін баратынына алдын ала сенімді болдыңыз ба?

– Таиландта өткен аламанда оның психологиялық тұрғыда өзгергені байқалды. Мен сол кезде-ақ түсіндім. Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанғанда, енді мақсатының үш дүркін әлем чемпионы атану екендігін айтқан. Сол сөзінде тұрды. Өзі 48 келіге салмақ қуды, барамын деді.

– Алуа да өткенде 50 келіде қалатынын алға тартты. Алдағы World Boxing ұйымдастыратын әлем чемпионатында жағдай қалай болмақ?

– Ол жақта қандай салмақ болатыны әзірге белгісіз, өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан қай салмақтың кіретінін алдағы уақытта көреміз. Біздің мақсат – тыңғылықты жаттығу жасау.

–  Осы біріншілікте Қазақстан командасында жаңа есімдердің бірі Виктория Графеева болды. Викторияның өзін-өзі ұстауы, әлеуеті көпшіліктің көңілінен шықты. Дегенмен финалда Графееваға не жетіспеді? Біреулер төрешілікке айып тағып жатты…

– Төрешілікке айтар уәжіміз жоқ, бәрі жоғары деңгейде өтті. Викторияға да мін таға алмаймыз. Өте керемет өнер көрсетті. Бұл ол қыз үшін үлкен тәжірибе. Сіздер оның әлем чемпионатында қалай өнер көрсеткенін көрдіңіздер, бұдан кейін оның боксы өзгереді. Себебі оның бойында өз-өзіне деген сенімділік пайда болды. Психологиялық тұрғыда тұрақты.

Меніңше, Виктория алдын ала чемпион болып қойды. Сонысы аздап кедергі келтірген секілді. Оның үстіне бұл спорт қой, екі қарсыластың бірі міндетті түрде ұтылады. Бірақ бұл жеңіліс оның әлі талай биік белестерді бағындыруына себеп болады.

– Елдана Тәліпованың да аяқ алысы қуантады. Ол Ләззат Күнгейбаеваның ізін басып келе жатқан талантты боксшылардың бірі болатын тәрізді.

– Ләззат өте тәжірибелі боксшы, әлем чемпионы. Өз салмағындағы қыздарға нағыз үлгі.

Елдананың да өнері тәп-тәуір. Финалда қытайлық қызбен жекпе-жегінде нокдаун болған, бірақ оны төреші көрмей қалыпты. Соққысы тигенімен, әрі қарай алып кете алмады, қарсыласымен көп құшақтасты. Ал қытайлық қыз кейіннен ашылып, жеңіске жетті.

– Сіз құрамаға қиын кезеңде келдіңіз. Париж Олимпиадасына санаулы ғана ай қалып еді. Қыздар арасында да кикілжің болып жатқан. Іштей қорқыныш болған шығар…

– Бастапқыда ұсыныс түскенде біраз ойландым. Өйткені ол кісілерді танымаймын, сенуге бола ма деген күдік болды. Сұрастырдым, уайымдаудың қажеті жоқтығын түсіндім. Сосын федерация басшылығымен кездесіп, өзара келістік. Бәрі жанашыр, мен бастықпын деп шіреніп отырған жоқ, бізбен қатар жүгіріп жүреді.

Қыздарды да білетінмін, жеке бапкер ретінде оқу-жаттығу жиындарында көріп тұратынмын, сондықтан бір-бірімізге тез үйренісіп кеттік. Ұжымдағы көңіл күй өте жақсы. Бәрі еңбекқор, жауапкершілікті сезінеді. Боксқа қорқақ адам келмейді ғой. Сондықтан «батырсыңдар» деп айтып отырамыз, өз-өздеріне сеніп, еңбек етіп жатыр.

– Қыздармен жұмыс істеу оңай емес деп жатады. Өйткені көңілшекпіз, жылап қалатынымыз бар. Сізге қыздарды жаттықтыру қаншалықты қиын?

– Қыз болған соң жылайды. Ондайда қолдау сөздерін айтасың. Бапкер ретінде тәжірибем бар, сондықтан үйреніп кеткен шығармын. Бастысы, қолдауды аямау керек. Тек бапкерлер, жақындары емес, қазақ елі болып қолдауымыз керек. Кешегі әлем чемпионатында жанкүйерлеріміз қатты қолдады, жеңсе де, жеңілсе де. Соған ерекше қуандым.

Парижде де Назымның көңіл күйі түсіп кетті, бірақ мен үшін оның қола медалі алтынмен тең болды. Өзіне де «батырсың» деп айтқанмын.

– ІВА ұйымдастырған әлем чемпионатына мықтылар келмеді деп жатқандар бар. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?

– Келісе қоймаймын, себебі әлем, Олимпиадада үздік шыққандар қатысты. Қытай бокс жағынан Азияда үздіктер қатарында. Жазда үш бірдей Олимпиада чемпионы шықты. Келмеген Үндістан шығар. Бірақ үндістандық боксшы  қыздар ересектер арасында мықты деп айта алмаймын. Жасөспірімдер мен жастар арасында олар жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ оларға өз тарапымнан күмәнім бар. Біз 14, 15, 16 жастағы қыздарды шығарсақ, қарсы бетте ересек қыздар тұрады.

Кейбір адамдар Үндістанда адам саны көп болғандықтан, туу туралы куәлігі кеш беріледі деп айтады. Мүмкін, содан шығар?! Кім біледі?

Жалпы алғанда, үндістандық боксшылардан қорқудың қажеті жоқ.

Одан бөлек Ресей, Ирландия боксшылары келді. Олар да өте мықты. Сондықтан ондай сөздердің неліктен айтылып жатқанын білмеймін.

– Енді World Boxing ұйымдастыратын әлем чемпионаты өтеді. Оған дайындық қалай болмақ?

– Бізге ІВА ме, әлде World Boxing пе, бәрібір. Тыңғылықты жаттығу жасаймыз және шын мықтыларды апарамыз. Алдағы жарыстарда байқап көреміз, солардың арасынан іріктейміз.

– Бәлкім Назым төрт дүркін чемпион атанып кете ме…

– Бұйыртсын, бәрі де мүмкін.

– Аида Әбікееваның боксы да ұнады. Ол екі әлем чемпионатына қатысып, екеуінде де бірінші айналымда ұтылған екен. Соның бірінде әйгілі алжирлик Иман Хелифке есе жіберген. Бірақ биылғы әлем біріншілігінде кәдімгідей шыңдалғандай.

– Бұған дейін ол бірнеше рет салмақ ауыстырды. Тәжірибе жинақтады. Меніңше, осы Азия чемпионатында ол бабына келген тәрізді. Сол деңгейін осы жолы тағы көрсетті.

Өзі Қарағанды облысының тумасы, ата-анасын жақсы танимын. Аиданың ағасы Аслан: «Менің тойым болып жатқанда, Аида «менде моншаға баратын күн» деп кетіп қалды» деп айтып еді. Негізі еңбекқор қыз.

Бірақ World Boxing-те 63 келі деген салмақ жоқ. Сондықтан 65-ке ауысты. Бірақ алдағы әлем біріншілігіне бару үшін ол әлі де өзін дәлелдеуі керек, бұған дейінгі жетістерін ескеріп апару деген жоқ.

– Иман Хелиф демекші, оның айналасындағы дау басылмай тұр. Өзіңіз бокс саласында жүрсіз, осы жайтқа қатысты ойыңыз қандай?

– Соның барлығы Олимпиадада басталды ғой. Мен үшін әлі күнге дейін не әйел, не еркек екенін ажырату неге сонша қиын болып кеткені түсініксіз. ДНҚ-сына дейін тексерді. Жарысқа қатысуға рұқсат береді де, бірақ турнир барысында шығармай қояды. Онда неге рұқсат береді?! Бірақ оны да ұтқан қыздар бар.

Не жағдай болғанын бір Алла біледі. Оған аса бас қатырмайды екенмін.

Бұрын ересектер боксын көп қарамайтынмын, жеке шәкіртімнің ғана қарсыластарын қарап шығатынмын. Қазір жағдай өзгерді, бәрінен хабардар болуың керек.  

– World Boxing ұйымының әлем біріншілігінде кімдер басты қарсылас болады? Кімдерден қауіп күтесіз?

– Бұл спорт, сондықтан әр қарсыласқа тыңғылықты дайындаламыз. Сол секілді мынау мықты екен деп қорқып та отырмаймыз. Қарсыластар бізден қорықсын. Қыздарға да соны айтамын.