Футболдан Қазақстан кубогының 2025 жылғы маусымдағы финалын Қызылорда қаласы қабылдайды. Бұл туралы Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қыркүйек айында өтетін доп додасына Сыр бойында салынып жатқан жаңа стадион босқа таңдалған жоқ. Өйткені ол стадион УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты болғандықтан халықаралық, республикалық деңгейдегі ойындар өткізуге негізделген.
Біз стадион төңірегінде ғана емес, аймақтағы спорт саласының дамуын саралай келе алдағы үлкен міндеттерді сұхбат желісіне тарттық. Сонымен өңірді өркендету тұрғысында спорттағы серпілісі қалай?
El.kz: Жігер Оңдасынұлы, сөзімізді стадионнан бастадық. Ендеше осы мәселені нықтай түссек. Қазіргі стадионның құрылыс жайы қаншалықты атқарылды?
Жігер Айекешов: Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Бурабайда өткен IV-ші Ұлттық құрылтайда: «Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. …облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн» деген болатын. Мемлекет басшысы және Үкіметтің тапсырмасы негізінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен 2024 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласының сол жағалауында 11 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды.
Стадионның бас мердігері «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100 пайыз аяқтап, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Енді футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Стадионның жанында жанкүйерлер мен спортшылар үшін 900 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP және 4 автобусқа арналған автотұрағы болады.
Ауқымды нысан осы жылдың маусым-тамыз айларына ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Мұнда жасыл алаңнан бөлек, спорттың бірнеше түріне арналған спорт залдары қарастырылған. Атап айтқанда, бокс, күрес залдары, спорттық-гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары қамтылады. Осылайша, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға арналған залдарда спортшыларымыз дайындалып, әлемдік ареналарда өнер көрсетеді деп жоспарлап отырмыз.
El.kz: Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін стадионға УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санат беріліп отыр. Бұл қандай мүмкіндік?
Жігер Айекешов: Стадион барлық стандарттарға сай болуы керек. Жалпы, стадионның мүмкіндігіне төрт ғана категория беріледі. Соның ішінде облыстық стадионның ІІІ санатты иеленуі үлкен жетістік. Енді мұнда халықаралық, республикалық деңгейдегі ойындар өткізе аламыз.
El.kz: Стадион жәйден-жәй салынбайды. Демек, аймақта бұқаралық спорт түрлерімен айналысушылар саны артқанын білдірсе керек.
Жігер Айекешов: Сөзіңіз рас. Аймақ басшысының тікелей араласуымен қала, аудан, тіпті ауылдардарда спорт кешендері мен сарайлары, ойын алаңдары көптеп салынуда. Оның спортқа баулуға ықпалы ерекше. Соның нақты дәлелі – соңғы екі жылда 14 спорт кешені халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл 9 спорт кешенінің құрылысы салынуда.
Шындығында дене шынықтыру, спорт арқылы саламатты өмір салтына бет бұру – өмірдің өзі алдымызға көлденең тартып отырған көкейкесті мәселе болса, саламатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту аса маңызды. Бұл адамның бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір фактор. Ұлт денсаулығы үшін, үлкен спортқа үміт артатын болашағымыз үшін біз бұл міндеттерді сапалы орындауға борыштымыз.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысымен өңірдегі халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 1 494-ті құрап, ол 46,2 пайызға жетті.
Ал, аймақта 342 223 адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады немесе ол облыс тұрғындарының 40,4 пайызын құрайды. Ал, стадионға келсек, қазір облыста 6 мыңға жуық футбол сүйер толқын өсіп келеді. Демек, келешегіміз кемел деп сенімді айтуға болады.
El.kz: Бұқаралық спорт дегеніміздің өзі – спортпен жүйелі шұғылданатын адамдар мен спорт түрлерінің дамуы емес пе? Бұл тұрғыда қандай мақсат бар?
Жігер Айекешов: Әрине. Қазіргі таңда 15 мыңға жуық адам тенниспен тұрақты түрде шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда. Бұл «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларының қолдау қорымен салынған заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығы ашқан мүмкіндік әсері.
Биыл облыс орталығында құны 21 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Қызылорда арена» спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл кешенде спорттың бірнеше түріне арналған арнайы жаттығу залдарын, жабық бассейнін, жаттығу-сауықтыру залдарын қамтиды.
Сондай-ақ, сәуір айында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 3 млрд.теңгені құрайтын жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа ғимараттың ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін спортпен шұғылдануына жол ашпақ. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыратын болады.
Осындай өрісті істердің жемісі жыл санап еселене береді. Ендігі кезекте, Сыр спортының серпілісін көрсетуіміз керек. Сондықтан биылдан бастап басқарма басшысының шешіміне сәйкес, басқармаға бағынысты спорт мектептерінде олимпиадалық емес спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлеріне біріктірілді. Осыған сәйкес, кикбоксинг, тайбокс, муайтай – боксқа, белбеу күресі, самбо, жауынгерлік самбо – дзюдо спорт түріне қосылды.