23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Қазақстанда бұл мерекеге орай маусым айы бойы спорттық және білім беру іс-шараларының кең ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Барлық бастамалар спортты насихаттауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және олимпиадалық құндылықтарға баулуға бағытталды.
Ұлттық мектеп лигасы
Халықаралық Олимпиада күні қарсаңында 10 спорт түрі бойынша Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңдері өтті. Астанада баскетбол, волейбол, үстел теннисі және гандболдан турнирлер ұйымдастырылды.
Баскетбол жарысында Түркістан облысындағы «Далабазр» мектебі жеңіске жетті. Жамбыл облысының №24 мектеп-гимназиясы күміс жүлде иеленсе, Астанадағы №62 мектеп-лицейі қола жүлдені қанағат тұтты.
Гандбол бойынша ұлдар арасында Павлодар облысының №21 мектебі топ жарды. Екінші орын – Ақтөбе облысындағы №2 мектеп-гимназиясында, үшінші орын – Түркістан облысындағы Әл-Фараби атындағы №10 мектепке бұйырды. Қыздар арасында Павлодар облысының №5 мектебі үздік атанса, одан кейінгі орынды Қарағанды облысындағы №35 мектеп иленді. Ал Қызылорда облысындағы №246 мектепте үздік үштікті қорытындылады.
Балалар арасындағы шайбалы хоккей турнирі
Мереке аясында Астанада 2017-2018 жылы туған балалар арасында шайбалы хоккейден турнир өтті. Шараны ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстанның хоккей федерациясы, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы және №10 БЖСМ ұйымдастырды. Турнирге төрт команда қатысты.
Astana Half Marathon
Астанада өткен Astana Half Marathon 2025 жарысына 32 елден қатысушылар жиналды. Жартылай марафонда украиналық Виталий Шафар жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Өзбекстаннан келген Нодирбек Муталипов пен Бекзод Бойматов иеленді. Әйелдер арасында қазақстандық Дана Айдосова жеңіске жетті, ал Екатерина Тунгускова (Өзбекстан) мен Елена Толстых (Ресей) жүлдегер атанды.
10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында Рахымжан Келманов пен Алимжан Балтабек (екеуі де Қазақстан), сондай-ақ Дильмурод Хужамов (Өзбекстан) үздік үштікте. Әйелдер арасында қазақстандық спортшылар Виктория Сергеева, Эльвира Тахауова және Диана Ержанова жеңімпаз бен жүлдегерлер атанды.
Эстафетада (экиден) жеңіс Mazur Triathlon Team командасына бұйырды. Екінші орында — Run Time және Qulpynai Bakery and Miniso, үшінші сатыда — Copa Team.
Олимпиадалық сабақтар
Алматы мен Астана мектептерінде Олимпиадалық сабақтар өтті. Оған Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Олимпиада қатысушылары Аяна Жолдас, Александра Немич, Илья Голендов және Айза Мамбекова қатысты. Олар оқушылармен ашық әңгіме өткізіп, өз спорттық жолдары, жетістіктері мен қиындықтары туралы бөлісті.
Балалармен өз спорттық жолымды бөлісу — үлкен қуаныш. Олардан түрлі қызықты сұрақтар келіп жатты. Мен оларға спортқа қызығушылық танытуға, арман мен мақсатқа ұмтылуға шабыт бере алдым деп сенемін, — деді Баландин.
Жазғы мектеп
Астанада дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған «Жазғы мектеп» өтті. Қатысушылар бірнеше күн бойы Корея спорт ғылымдары институтының (KISS) сарапшыларымен бірге ұйымдастырылған дәрістер мен семинарларға қатысты.
Су спорты мен триатлон
20–21 маусымда Астанада әртістік жүзу, су добынан Astana Cup турнирі, және жас жүзушілер арасында жарыстар өтті. Су добында төрт қаланың командалары бақ сынап, бас жүлде Астана командасына бұйырды. Екінші орынды Семей, үшінші орынды Орал қаласының командасы иеленді.
iSwim мектебінің 2007–2018 жылы туған жүзушілері «Оазис» ашық бассейнінде 25 метр қашықтықта сынға түсті. Сонымен қатар, Астананың Орталық саябағында ASTANA TRIATHLON Sprint турнирі өтті. Жарысқа 100 ересек және 9–19 жас аралығындағы 90 бала қатысты. Жарыс Super Sprint сайысы бойынша өтті.
«Olympian is born» акциясы
23 маусым күні еліміздің перзентханаларында өмірге келген сәбилер дәстүрлі түрде құттықталады. «Olympian is born» акциясы Қазақстан ҰОК бастамасымен жыл сайын өткізіліп, барлық өңірлерді қамтиды. Арнайы сыйлықтар жас ата-аналарға табысталды.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) 1948 жылы 42-сессия барысында 23 маусымды Халықаралық Олимпиада күні деп бекіткен. Бұл күн 1894 жылы Пьер де Кубертеннің бастамасымен ХОК-тың құрылуына орай белгіленген.