Қазақстан астанасында Халықаралық Олимпиада күнін атап өту аясында су спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
20 маусым күні «Өзен» спорт кешенінің бассейнінде әртістік жүзуден көрсетілімдік жарыстар өтті. Бағдарламаға Екатерина және Александра Немичтің жетекшілігімен жаттығатын 17 жас спортшы қатысты. Көрермендерге жекелей және топтық нөмірлер ұсынылды.
21 маусымда елордада су добынан Astana Cup турнирінің финалдық кезеңі өтті. Бұл жарысқа Қазақстанның төрт қаласынан келген командалар қатысты. Жалпы жарысқа 80 жас су добы спортшылары қатысты. Жеңіс елордалық командаға бұйырды. Екінші орынды – Семей қаласының командасы, ал үшінші орынды – Орал құрамасы иеленді.
Barys Arena бассейнінде жаттығатын балалар да жарысқа қатысып, жүзу жарыстарында өз шеберліктерін көрсетті. Жарысқа 2008–2019 жылдары туған 128 жас жүзуші қатысты.
“Олимпиада күнінің басты мақсаты – чемпиондарды дәріптеу емес, түрлі жастағы адамдарды спортқа тарту. Біз үшін жарыс өткізу ғана емес, сонымен қатар спортты сүйетін адамдар өзін Олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі сезініп, осы айтулы күнді атап өтуге қатыса алатындай орта құру маңызды”, – деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті.
Бұған дейін мерекелік іс-шаралар аясында әртүрлі спорт түрлерінен Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңдері өтті. Алматы және Астана қалаларының оқушылары үшін Қазақстанның танымал спортшыларының қатысуымен олимпиадалық сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар “Жазғы мектеп” аясында дене шынықтыру пәні мұғалімдері Корея спорттық ғылымдары институты сарапшыларының дәрістерін тыңдады.
22 маусымда түрлі жастағы спорт сүйер қауым ASTANA TRIATHLON Sprint триатлон жарысында күш сынаспақ. Турнир елорданың орталық саябағында өтеді. Сондай-ақ, дәл осы күні Астанадағы “Оазис” бассейнінде iSwim мектебінің тәрбиеленушілері арасында ашық суда жүзу жарыстары өтеді.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Бұл күн 1894 жылы Халықаралық Олимпиадалық комитеттің құрылуына орай белгіленген.