Түркияның Маниса қаласына жақын орналасқан Тургутлу ауданының ауыл шаруашылығы алқаптарының бірінде өрт шықты. Қызыл жалын орманға тарап, 120 акр аумақты шарпыды. Бұл туралы CNN Turk басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы.
Белгілі болғандай, өртке Түркия азаматы Озжан Ташхан себеп болған – ол кенелерді өртеймін деп орманды өртеп жіберген.
Өртті сөндіру үшін аймаққа 5 су таситын автоцистерна мен 2 су шашатын техника, сондай-ақ құрылыс техникасы жіберілді. Жергілікті өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетінің арқасында өрт екі сағат ішінде оқшауланды.
Тергеу нәтижесінде құқық қорғау органдары Ташханды тұтқындады. Ол жастыққа жиналған кенелерді өртеп, кейін оны бақшаға лақтырып жібергенін мойындады. Ер адам қамауға алынды.
Бұл күндері аптап ыстыққа байланысты Түркияда орман өрті жиілеп кеткен. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәліметінше, ел бойынша 50 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Ең қатты зардап шеккен өңір – Эгей теңізі жағалауындағы Измир провинциясы. Өртті сөндіруге 14 тікұшақ, 4 ұшақ және 1000-нан астам жергілікті маман жұмылдырылды.