in

Канье Уэст Қазақстанда концерт береді: билеттер сатылымға шілдеде шығады

Әлемдік музыка индустриясының ең танымал әрі даулы тұлғаларының бірі – америкалық рэпер, продюсер және дизайнер Ye (бұрынғы Канье Уэст) Алматыда концерт береді. Концерт 2026 жылғы 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді, ал билеттердің сатылымы 20 шілдеде басталады. Осылайша Қазақстан әлемдік тур бағдарламасына енген санаулы елдердің қатарына қосылады.

Ye – заманауи музыканың ықпалды тұлғасы

Ye – қазіргі хип-хоп мәдениетіне зор ықпал еткен орындаушылардың бірі. Ол тек рэпер ғана емес, музыкалық продюсер, ән авторы әрі сән индустриясындағы табысты кәсіпкер ретінде де танымал. Шығармашылық жолында ол көптеген коммерциялық табысқа жеткен альбомдар шығарып, 24 мәрте «Грэмми» сыйлығын иеленді.

Сыншылар оның шығармашылығын хип-хоп жанрының даму бағытын өзгерткен құбылыс ретінде бағалайды. Музыкамен қатар Ye сән әлемінде де өзін танытып, Yeezy бренді арқылы әлемдік трендтердің қалыптасуына ықпал етті.

Әлемдік турдың маңызы

2026 жылғы гастрольдік тур Ye-дің бірнеше жылдық үзілістен кейінгі ең ірі концерттік сапары саналады. Биыл ол Мехикода өнер көрсетіп, Еуропада, соның ішінде Нидерландта соңғы 12 жылдан кейінгі алғашқы стадиондық концертін жариялады. Тур бағдарламасына Азия елдерінің де енгізілуі әртістің халықаралық сахнаға қайта оралғанын көрсетеді.

Осындай ауқымды жобаның бір бөлігі ретінде Алматының таңдалуы Қазақстанның халықаралық концерттік картасындағы маңызын арттыра түседі. Соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі орындаушылардың елімізге жиі келуі мәдени инфрақұрылымның дамып келе жатқанын аңғартады.

Қазақстанмен байланысы бұрыннан бар

Ye үшін Қазақстан – бейтаныс ел емес. Ол алғаш рет 2013 жылы Алматыға келіп, жеке мерекелік шарада өнер көрсеткен болатын. Бұл концерт қоғамда үлкен пікірталас туғызып, халықаралық ақпарат құралдарының назарын аударған еді.

Кейінгі жылдары қазақстандық мамандардың Ye жобаларына қатысуы да екіжақты шығармашылық байланыстың нығайғанын көрсетті. 2024 жылы оның Vultures альбомына арналған бейнебаяндарды әзірлеуге қазақстандық VFX маманы Медет Шаяхметов, Buralqy студиясы және режиссер Қайсар Әділхан атсалысты.

Сонымен қатар режиссер Айсұлтан Сейітов 2021 жылы шыққан Donda альбомына байланысты жобада жұмыс істесе, шығармашылық продюсер Марат Шайя да осы жобаның жүзеге асуына үлес қосты.

Бұл мысалдар қазақстандық шығармашылық мамандардың халықаралық деңгейдегі музыкалық индустрияда сұранысқа ие екенін дәлелдейді.

Әлемдік деңгейдегі әртістің Қазақстанда өнер көрсетуі мәдени өмірді жандандырып қана қоймай, туризм мен қызмет көрсету саласына да оң әсер етуі мүмкін. Мұндай ауқымды концерттер қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және сауда салаларындағы экономикалық белсенділікті арттырады.

«Қайрат» мәлімдеме жасады

«Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдеді. Себебі дәл осы стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді және қазір еурокубок жарыстарындағы өнерін жалғастырып жатыр.

Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс. Сонымен қатар 11-13 тамыз аралығында клубтың еурокубоктағы әлеуетті өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін. Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап етеді. Сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіреді. Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал, – деп мәлімдеді клуб.

«Қайрат» ФК Орталық стадионда кез келген бұқаралық шараны өткізу бекітілген футбол күнтізбесін міндетті түрде ескере отырып және барлық мүдделі тараппен келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтті.  Тиісті келісім толық аяқталғанға дейін клуб 14 тамыз күні өтеді деп жоспарланған концерттің Орталық стадионда ұйымдастырылатыны туралы ақпаратты жариялауды ерте деп санайды. 

Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы

Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?

ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?

Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?

Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд