in

Аниме кейіпкері ме, әлде спортшы ма? Шетелдіктерді есінен тандырған қазақ қызының құпиясы

Бір ғана жарыста түсірілген кадр қазақстандық спортшы Жасмин Бегалинованы әлемге танытты. Миллиондаған қаралым, мыңдаған пікір мен фан-арттарға қарамастан, ол үшін ең құндысы – туған елінің қолдауы. El.kz тілшісіне берген сұхбатында спортшы тосын танымалдықтың өміріне қалай әсер еткенін және алдағы мақсаттары жайлы айтты.

Телефонға толассыз хабарлама келе бастады

Шынымды айтсам, алғашында не болып жатқанын өзім де түсінбей қалдым. Телефонымды ашсам, хабарламалар, ескертулер мен белгілеулер өте көп екен. Әр минут сайын олардың саны көбейе берді, – деп еске алды Жасмин.

Сол кезде ғана жарыстан түсірілген суреттерінің әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткенін түсінді. Алайда спортшы мұндай жолмен танымал болуды ешқашан мақсат етпегенін айтады. Оның сөзінше, болып жатқан жағдайға бірден сену қиын болған. Шетелдік желі қолданушылары оны бейнеойындардың кейіпкерлерімен және спорттық аниме кейіпкерлерімен салыстыра бастады. Тіпті кейбір суретшілер Жасминнің бейнесінен шабыт алып, оған арнап фан-арттар салған.

          Посмотреть эту публикацию в Instagram                      

Публикация от Begalinova Zhasmin Serikovna (@hay_nyash)

Әрине, адамдардың менің бойымнан ерекше бір қасиет көріп, содан шабыт алатыны қуантады. Ал фан-арттар мені тіпті таңғалдырды. Біреудің өз уақыты мен талантын жұмсап, сенің суретіңді салып жатқаны – ерекше сезім, – дейді спортшы.

«Ең маңыздысы – өз қалпыңды жоғалтпау»

Шетелдік пікірлердің арасында Қазақстанға деген сүйіспеншілігін білдіргендер де, спортшы үшін елімізге көшіп келуге әзілдеп ниет танытқандар да аз болмаған. Назар көбейген, оның үстіне жаттығуы мен оқуын қатар алып жүруі керек, сондықтан Жасминге жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келген.

Мен бәріне сабырмен қарауға тырысамын. Танымалдық, әрине, қуантады. Бірақ мен үшін ең бастысы – өз қалпымды жоғалтпай, сүйікті ісіммен айналысуды жалғастыру, – деді Жасмин.

Спортшы үшін ең құндысы қазақстандықтардың қолдауы болды. Оның айтуынша, ең алғаш болып жылы лебіз білдіріп, жетістігіне шын қуана білген де – өз елінің азаматтары.

Еліңнің сені мақтан тұтатынын сезіну – ерекше әсер. Бұл маған үлкен мотивация береді, – деп бөлісті Жасмин El.kz тілшісіне берген сұхбатында.

          Посмотреть эту публикацию в Instagram                      

Публикация от Begalinova Zhasmin Serikovna (@hay_nyash)

Жеті жыл баскетбол ойнаған

Жасмин биіктікке секіруге келмес бұрын жеті жыл кәсіби баскетболмен айналысқан. Командалық спорт оның бойында тәртіпке бағынуды, төзімділікті және мінез қалыптастырған. Алайда уақыт өте келе ол жеке спорт түрінде өзін сынап көріп, тек өз күшіне сүйеніп нәтижеге жетуді қалаған.

Осылайша үш жыл бұрын жеңіл атлетикаға қадам басты. Дегенмен бұл спорттағы қозғалыс техникасы баскетболдан мүлде өзгеше еді. Бұрынғы тәжірибесі белгілі бір деңгейде көмектескенімен, көптеген дағдыны қайта меңгеруге, бәрін дерлік нөлден бастауға тура келген.

Баскетбол маған жақсы секіргіштік, қимыл үйлесімділігі, денені сезіну қабілеті мен тәртіпті үйретті. Бірақ биіктікке секірудің техникасы мүлде басқа. Сондықтан көп нәрсені қайта үйренуге тура келді, – деп түсіндірді Жасмин.

Жасминнің бұл шешімі өз жемісін берді. Жеңіл атлетикамен небәрі үш жыл айналысса да, ол спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындап, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Спортшы бұл жетістікті кездейсоқтық деп санамайды. Оның айтуынша, нәтиже – өз-өзіңмен жүйелі жұмыс істеудің жемісі.

Меніңше, жетістіктің сыры – өз ісіңді шын сүюде және өзіңмен үнемі жұмыс істеуде. Жаттығуды жібермеуге тырысамын, бапкерімнің әр сөзін мұқият тыңдаймын және жіберген қателіктерімді міндетті түрде саралаймын, – дейді Жасмин.

          Посмотреть эту публикацию в Instagram                      

Публикация от Begalinova Zhasmin Serikovna (@hay_nyash)

Ешқандай есепсіз қалыптасқан стиль

Әлеуметтік желіде кең тараған кадрлардағы жарқын бейнесін көпшілік әдейі ойластырылған образ деп қабылдаған. Алайда Жасмин мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, өзіндік стилі көрерменнің назарын аудару үшін емес, ішкі жан дүниесінің көрінісі.

Әдемі көрінгенді және өз образымнан шабыт алғанды ұнатамын. Бірақ ешқашан біреудің назарын аудару үшін арнайы дайындалмаймын. Адам өзіне сенімді болса, бұл бірден байқалады деп ойлаймын, – дейді спортшы.

Тығыз жаттығу кестесі, оқу-жаттығу жиындары мен колледждегі сабағынан бос уақытында Жасмин шығармашылықпен айналысады. Оның айтуынша, бұл спорттан кейін эмоционалды тұрғыда сергіп, күш жинауға көмектеседі.

Электр гитарасында ойнағанды жақсы көремін. Сонымен қатар моделингке қызығамын, киімнің эскиздерін саламын. Шығармашылық жаттығудан кейін ойымды сергітіп, эмоциялық тұрғыда қалпыма келуге көмектеседі, – деді спортшы El.kz тілшісіне.

Қазір Жасмин жаттықтырушы мамандығында білім алып жүр. Сонымен қатар дизайн саласына да қызығушылық танытып, болашақта қазақстандық жеңіл атлеттерге арналған өз спорттық киім желісін шығаруды армандайды. Оның пікірінше, қазіргі спорттық киімдерде жайлылық пен әдемілік қатар үйлесе бермейді.

Көп жағдайда спорттық киім не өте ыңғайлы, не өте сәнді болады. Ал мен осы екі қасиетті бір өнімде біріктіргім келеді, – деп бөлісті ол.

          Посмотреть эту публикацию в Instagram                      

Публикация от Begalinova Zhasmin Serikovna (@hay_nyash)

Мақсаты – 180 сантиметрді бағындыру

Жасминнің алдағы ең үлкен мақсаты – 180 сантиметр биіктікті бағындырып, спорт шебері нормативін орындау. Оның айтуынша, әр жарыс сайын бұл межеге бір қадам жақындап келеді. Дегенмен бұл жолдағы ең үлкен сынақ – физикалық дайындық емес.

Биіктікке секірудегі ең қиыны – физикалық дайындық емес. Ең бастысы – толқуды жеңіп, екпін ала жүгіретін сәтте өзіңе толық сену, – дейді спортшы.

Жасминнің пікірінше, нағыз бапкер тек білім беріп қана қоймай, спортшының еңсесі түскен сәтте демеу бола білуі керек. Бұл тұрғыдан ол өзінің бапкерімен жолы болғанын айтады.

Мен бапкеріме өте ризамын. Тіпті өзім күмәндана бастаған кезде де ол маған сенімін жоғалтпайды, – деді Жасмин.

Жасмин бұл жолдың не үшін басталғанын қаперінде ұстауға сөз беріп, үлкен мақсатқа жетелейтін әрбір жаттығудың қадірін білу керектігін де алға тартты. 

Секторға еліңді мақтан тұтып шық және сол сәттен ләззат ал, – деген болар еді Жасмин болашақтағы өзіне.

Қазір оның армандаған 180 сантиметрлік межеге жетуіне санаулы ғана қадам қалды.

Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы

Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?

ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?

Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?

Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд