Бүгінде бокс өзгерді. Ережесіне қатысты жаңашылдықтар көп, одан қалды саясаттың араласатыны тағы бар. Ал оның салдары қандай болуы мүмкін?
Қазақстан бокс державасына айналғалы қашан. Сондықтан біздің мамандарға да әлемде сұраныс жоғары. Қаншама елдің боксын жаңа деңгейге көтеруге атсалысып, қазақстандық стильдің қандай болатынын көпшілікке көрсетіп жүргендердің бірі – Болат Ниязымбетов. Кезінде өзі де Атланта олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көрінген маман кейінгі жылдары Ирак, Венгрия, Сербия, Оңтүстік Корея секілді елдерде табысты еңбек етті. Ал қазір Қытайда жұмыс істеп жүр. Осы орайда білікті бапкерден бокстың бүгіні мен ертеңіне қатысты пікірін білдік.
– Болат аға, өзіңіз Атланта Олимпиадасының жүлдегерісіз. Ол кездегі бокс пен қазіргі бокстың арасы жер мен көктей. Сіздіңше, бүгінгі бокс қай бағытта өзгерді? Даму бар ма, әлде керісінше ме?
– Әрине, даму бар. Бокстың деңгейі өсті. Қазіргі спортшылардың шеберлігіне ешқандай сын айтуға болмайды.
Техникалық жағынан да, тактикалық жағынан да қазіргі боксшылар өте сауатты. Қазір тек жұдырықтасып қана қоймайды, аяқпен жұмыс істейді, қорғанысы да, шабуылы да жан-жақты. Бокс бір орында тұрған жоқ, жыл сайын дамып келеді.
Бірақ әр буын өз дәуірін мақтайды ғой. Біз де кейде әзілдеп: «Қазіргі жігіттер біздің кезімізде жұдырықтасса, қалпақпен-ақ ұрып жүрер едік», – деп күлеміз. Бұл – барлық аға буын айтатын әңгіме.
Шын мәнінде, қазіргі боксшылардың деңгейі өте жоғары. Көрерменге де қызық, техникалық жағынан да әдемі бокс көрсетеді.
– Қазіргі бокста шоу элементтері көбейгендей көрінеді. Кейбір спортшылар қарсыласын мазақтап, билеп, ерекше қимылдар көрсетеді. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Иә, ондай стиль қазір көбейді. Әсіресе кубалықтардың ықпалы байқалады. Хулио Сесар Ла Крус секілді спортшылардың мәнері көп жастарға әсер етті. Қазір кейбірі рингте билеп жүргендей әсер қалдырады.
Жақсы ма, жаман ба – оны әркім әртүрлі қабылдайды.
Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Бірде Венгрия құрамасымен Кубада оқу-жаттығу жиынында болдық. Сонда Куба боксының аңыз бапкерлерінің бірі Сагарраның үйіне қонаққа бардым. Ол кезінде Алматыда жұмыс істегенде менің де үйімде болған адам.
Сол кісіге дәл осы сұрақты қойғанмын. «Қазіргі бокс туралы не ойлайсыз?» деп сұрадым.
Сонда ол кісі аудармашы арқылы: «Егер өзім шешсем, қазіргі кейбір боксшыларды ұлттық құрамаға да жолатпас едім», – деді.
Біз күліп қалдық. Себебі айтып отырғаны – екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Крус. Сонда мен: «Осындай жетістікке жеткен спортшыны да құрамаға алмайсыз ба?» деп таңғалдым.
Бұл – әр буынның көзқарасы әртүрлі болатынын көрсетеді. Аға буынның талабы басқа, қазіргі бокстың талабы басқа.
– Жалпы қазіргі бокстың даму бағыты көңіліңізден шыға ма?
– Жалпы, бокстың өзі жақсы дамып келеді. Бұған дау жоқ.
Шынын айтсам, соңғы жылдары саясаттың ықпалы тым күшейіп кеткендей көрінеді. Әлем кубогы қай елде өтсе, сол елдің командалық нәтижесі ерекше болып шығатын жағдайлар да кездеседі. Осындай дүниелерді көргенде спорттың әділдігіне қатысты сұрақтар туындайды.
Мені көбірек алаңдататыны – спорттың айналасындағы мәселелер. Жеңген спортшыны жеңді деп мойындау керек, жеңілген спортшыны жеңілді деп қабылдау керек. Кейде осы қарапайым қағида сақталмай жататын сияқты. Төрешілікке қатысты дау-дамайлар, саясаттың ықпалы – осы дүниелер бокстың көркін бұзады.
Қазір World Boxing ұйымына Геннадий Головкин келді. Әрине, бір күнде бәрін өзгертіп жібереді деу қиын. Бірақ ол қолынан келгенше тәртіп орнатып, жүйені дұрыстауға жұмыс істеп жатыр.
Уақыт өте келе оның нәтижесін де көреміз деп ойлаймын. Ең бастысы – бокстың әділдігі сақталса, бұл спорт одан әрі дами береді.
– World Boxing ұйымында Геннадий Головкиннің жұмысына қандай баға бересіз? Өзгерістер сезіле ме?
– Қазір World Boxing құрамында бұрын IBA жүйесінде жұмыс істеген төрешілердің бірқатары бар. Сондықтан бір күнде бәрін өзгерту оңай емес. Бірақ Геннадий Головкин – жұмыс істейтін, істің адамы. Бокс ортасында оған деген сенім жоғары.
Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар ғой. Меніңше, уақыт өте келе жүйе де реттеледі. Ең бастысы – ниет бар.
Ал IBA-дегі жағдайдың өзгеруі заңды болды деп ойлаймын. Өйткені кейінгі жылдары кейбір жарыстарда спорттық принциптен гөрі басқа дүниелер басым болып кетті. Мұндай жағдайлар бокстың беделіне кері әсер етеді.
– Нақты нені меңзеп отырсыз?
– Мен үшін ең бастысы – әділдік. Қай мемлекеттен келгеніне қарамай, кім жеңсе – соның қолын көтеру керек. Ал егер жеңілсе, жеңілгенін мойындау қажет. Спорттың заңы осы.
Кейде жекпе-жекті көріп отырып, бір боксшының анық жеңілгенін сезесің. Бірақ соңында оның қолын көтереді. Мұндай чемпиондықтың ешкімге керегі жоқ.
Иә, бүгін ол алтын медаль алады. Бірақ уақыт өте келе жанкүйер де, мамандар да бәрін ұмытады. Ал әділ жеңіске жеткен чемпиондардың есімі тарихта қалады.
Біз бүгінге дейін Серік Қонақбаевты, Бекзат Саттархановты, Ермахан Ибраимовты құрметпен айтып келеміз. Өйткені олар жеңістерін ешқандай күмәнсіз, өз шеберлігінің арқасында жеңіп алды.
Біздің кезімізде мұндай дау-дамай аз болатын. Барлығы рингте шешілетін.
– Қазіргі бокста коммерциялық мүдде спорттан басым болып кеткендей әсер қалдыра ма?
– Өкінішке қарай, сондай үрдіс байқалады. Қазір екі дүркін, үш дүркін чемпиондар көбейді. Бірақ чемпиондық атақтың өзі ең алдымен әділ жеңіспен бағалануы керек.
Меніңше, бүгінгі басшылардың кейбірі ұзақ мерзімді дамудан бұрын қысқа мерзімдегі нәтижеге көбірек мән береді. Ал спортта ең маңыздысы – жүйелі жұмыс.
– Қазақстан құрамасындағы бапкерлердің жиі ауысуына қалай қарайсыз?
– Меніңше, тұрақтылық жетіспейді. Бапкерлерді бірнеше ай сайын ауыстыра беру дұрыс емес. Бір маманның жұмысын бағалау үшін оған уақыт беру керек.
Сырттай қарап отырғанда кейбір шешімдердің логикасын түсіну қиын. Мысалы, бір бапкер жақсы нәтиже көрсетіп келе жатады, бірақ көп ұзамай қызметінен кетеді. Кейін қайтадан басқа адам келеді. Осындай тұрақсыздық жүйелі жұмыстың қалыптасуына кедергі болады.
– Қазір спортшылардың көпшілігі әлеуметтік желіде белсенді. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – бүгінгі заманның ерекшелігі шығар. Бірақ кейде шектен шығып кететіндей көрінеді. Оны бапкерлерден де байқаймын. Менің түсінігімде мықты бапкер өзін емес, шәкіртінің нәтижесін сөйлетуі керек.
Қазір кейбіреулер жаттығудың әр сәтін, қайда жүргенін, не істеп жатқанын әлеуметтік желіге сала береді. Ал мұның бәрін қарсыластар да көріп отыр ғой.
Мен кейбір әріптестеріме де айтып жүремін: «Бүкіл дайындық процесін интернетке жариялай берудің қажеті жоқ. Бұл – кәсіби жұмыс. Әр ақпараттың өз орны болуы керек», – деп.
Өйткені халықаралық деңгейде бәрі бір-бірін зерттейді. Сенің жаттығуыңды, әдісіңді, дайындық барысын бақылап отырады. Сондықтан мұндай мәселеде де кәсібилік қажет.
Мен өзім көп сөйлеуді емес, жұмыс істеуді жөн көремін.
