Анна Фомина – бүгінде әлемнің барлық елін аралап шыққан санаулы саяхатшылардың бірі. Үш баланың анасы бұл жетістікке 20 жылдан астам уақыт жұмсаған. Ол балаларымен бірге 91 елді аралап, қауіпті аймақтарда да болған. Осы орайда Анна El.kz тілшісіне әлемді аралауға қанша қаражат қажет екенін, сапар кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын және Қазақстаннан алған әсерін айтып берді.
Әлемнің барлық елін аралаған 561-ші адам
Анна Фомина Ресейдің Новосибирск қаласында дүниеге келген. Өмірінің басым бөлігін сонда өткізіп, Новосибирск мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін тәмамдаған. Кейін физика-математика бағыты бойынша аспирантурада білім алды.
Соңғы тоғыз жылдан бері Анна Фомина АҚШ-тың Калифорния штатында тұрады. Қазір кәсіпкерлікпен айналысады, жеке туристік компаниясы мен интернет-дүкені бар.
Маған Калифорнияның климаты, табиғаты мен өмір салты ұнайды. Мұнда әлемнің әртүрлі елінен келген адамдар тұрады. Қанша елге барсам да, өзім үшін Калифорниядан қолайлы жер таппадым. Сондықтан әр сапардан кейін үйге қуана ораламын, – дейді Анна.
Аннаның айтуынша, жақында ол NomadMania ұйымының тексеруінен өтіп, әлемнің барлық елін аралаған 561-ші саяхатшы ретінде тіркелген.
Оның сөзінше, Ресей паспортымен әлемнің барлық елін аралаған 25 адамның төртеуі – әйел. Ал кішкентай балаларын тәрбиелей жүріп, дүниежүзінің барлық елін аралаған әйелдер арасында Анна оныншы болып тіркелген.
Саяхатшылардың барған елдерін NomadMania ұйымы тексереді. Ал олардың сапарлары туралы статистиканы NomadMania және Most Traveled People платформалары жүргізеді.
Маған 40 елдің тізімін жіберіп, олардың әрқайсысында болғанымды дәлелдеуді сұрады. Ол үшін төлқұжаттағы мөрлерді, көрікті жерлерде түскен суреттерімді, банк көшірмелерін, банкоматтан ақша алғанымды растайтын түбіртектерді, қонақүй мен мейрамханалардың төлем түбіртектерін және жол билеттерін ұсындым. Тексеруден өтетін әр саяхатшыға жеке тізім беріледі, – дейді Анна.
Бәрі саяхатқа деген қызығушылықтан басталды
Анна Фомина әлемнің барлық елін аралап шығуды бастапқыда мақсат етпеген. Саяхаттауды бұрыннан жақсы көретін ол барған елдерінің санын үнемі есептеп жүрді. Тізіміндегі мемлекеттер саны 100-ден асқанда ғана дүниежүзінің барлық елін аралап шығу туралы ойлана бастаған.
Мен үшін саяхат әрқашан өмірімнің бір бөлігі болды. Бір күні барған елдерімнің саны 100-110-ға жеткенде, қалған мемлекеттерді де аралап шығу соншалықты қиын емес екенін түсіндім. Осылайша, бұл мақсат өздігінен пайда болды, – дейді Анна.
Оның алғаш барған шетелі – Украина. Анна екі жасынан бастап ондағы туыстарына жыл сайын барып тұрған. Ал өз бетінше ұйымдастырған алғашқы сапары Мысырға болды. Мектеп кезінен Ежелгі Мысыр тарихына қызыққан ол алғашқы табысына ең арзан туристік жолдаманы сатып алған.
Саяхатшы ең соңында Бутанға барады. Бұл елді әдейі соңына қалдырып, сапарын жергілікті фестивальге орай жоспарлаған. Алайда әлемнің барлық елін аралап шыққан кезде Анна ерекше толқыныс сезінбегенін айтады.
Шынымды айтсам, ерекше сезім болған жоқ. Өйткені мен үшін саяхат – мәреге жетумен аяқталатын мақсат емес, өмір бойы жалғасатын іс. Мұны марафонмен салыстыруға болады. Мәреге жеттім, өзімді сынап көрдім, бірақ жүгіруді тоқтатпаймын, – дейді ол.
200 доллар жалақымен саяхаттауды бастаған
Әлемнің барлық елін аралау үшін қанша қаражат қажет? Бұл – көпшілікті қызықтыратын сұрақтардың бірі.
Анна алғашқы сапарларына шыққан кезде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Ол уақытта айына 7500 рубль, яғни сол кездегі бағаммен шамамен 200 доллар жалақы алған.
Саяхатшының айтуынша, мүмкіндік пен денсаулық болса, жаңа жерлерді көру үшін міндетті түрде ауқатты адам болу қажет емес. Дегенмен әлемнің барлық елін аралап шығу едәуір қаражатты талап етеді. Анна бұл шығынды өзге саяхатшылармен бірге шамамен есептеп көрген.
Біздің есебімізше, әр елге кемінде 1500 доллар қажет. Қазір бұл сома одан да жоғары болуы мүмкін, – дейді ол.
Алайда бұл оның әр мемлекетке нақты жұмсаған қаражаты емес. Сапар шығыны баратын елге, жол жүру тәсіліне және тұратын жерге байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Анна Қырғызстанға небәрі 200 доллар жұмсаған.
Бұл алғашқы сапарларымның бірі еді. Новосибирск қаласынан Алматыға пойызбен, одан әрі Ыстықкөлге автобуспен бардым. Жеке үйде тұрдым, ағаштан жаңа үзілген жемістерді жедім, Қытай шекарасына дейін жеттім. Арада қанша жыл өтсе де, сол сапарға жұмсаған ақшам әлі есімде, – дейді Анна.
Ал ең қымбат сапарына қатысты саяхатшы нақты бір елді атай алмады. Оның айтуынша, қазір АҚШ-тан бүкіл отбасымен саяхатқа шығу, әсіресе ұшақ билеттерін сатып алу едәуір қаражатты қажет етеді.
Үш баласымен 91 елге барған
Анна Фомина жылына екі-үш рет балаларын күйеуіне қалдырып, жалғыз сапарға шығады. Қалған уақытта олардың тәрбиесімен өзі айналысады.
Қазір балалары мектепте оқиды. АҚШ-та сабақтан себепсіз қалуға болмайтындықтан, отбасымен тек мектеп демалысында ғана саяхаттайды. Ал балалары кішкентай кезінде көптеген елді бірге аралаған. Осы уақытқа дейін Анна балаларымен 91 мемлекетте болған.
Саяхат балалардың дүниетанымын кеңейтеді. Олар әлемнің өздері тұратын жермен ғана шектелмейтінін көреді. Сондай-ақ өмірде көп нәрсенің мүмкін екенін түсінеді, – дейді Анна.
Балаларымен саяхаттағанда ол ең алдымен қауіпсіздікке мән береді. Сондықтан Мали мен Чад сияқты қауіпті елдерге оларды ертіп бармайды. Ал Мексиканы аса қауіпті деп санамайды. Оның айтуынша, кейбір америкалықтар бұл елге барғанда туристік кешендерден шығуға қорқады. Ал өзі балаларымен Тихуана қаласының көшелерінде кешкі уақытта да серуендеген.
Дегенмен Эфиопияға отбасымен барған кезде елдегі тұрақсыз жағдайға байланысты сапар жоспарын өзгертуге тура келген. Олар солтүстіктегі жанартауларға барудан бас тартып, оңтүстік өңірдегі жергілікті тайпалардың тұрмыс-тіршілігімен танысқан.
Конгодағы атыс пен Сомалидегі қарулы күзет
Әлемді аралау кезінде Анна Фомина қауіпті жағдайларға да тап болған. Соның бірі 2021 жылы Конго Демократиялық Республикасында болған.
Ол кезде Анна ұлттық паркке барып, гориллаларды табиғи мекенінде көруді жоспарлаған. Қонақүйде гидтерін күтіп отырғанда, олардың орнына Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше көлігі келген.
Олар қалада тәртіпсіздіктер болып, атыс басталғанын айтты. Сондықтан әзірге қонақүйден шығуға болмайтынын ескертті. Бірнеше сағаттан кейін ұлттық паркке қарай жолға шықтық. Қала көшелерінде адам жоқ, айнала қаңырап бос қалған еді, – деп еске алады Анна.
Бұл жағдайға қарамастан, саяхатшы жоспарлаған сапарын жалғастырған.
Анна Солтүстік Корея, Ауғанстан, Сомали және Сирияға да барған. Ол аталған мемлекеттердің ішінде өзін Сомалиде ең жайсыз сезінгенін айтады.
Сомалиде бірнеше қарулы күзетші үнемі қасыңызда жүреді. Бір жерде ұзақ аялдауға болмайды, тез қозғалу керек. Ал қалған елдерде турист ретінде өзімді қауіпті жағдайда сезінбедім, – дейді ол.
Анна сапарға шығар алдында баратын еліндегі жағдайды зерттеп, жергілікті тұрғындардан және сол жақта болған саяхатшылардан ақпарат алады. Ал соғыс жүріп жатқан аймақтарға бармайды.
Қайда бара жатқанымды, мені не күтіп тұрғанын алдын ала біліп аламын. Сондықтан саяхаттаудан ешқашан қорыққан емеспін, – дейді Анна.
Осынша жыл саяхаттағанына қарамастан, Анна бірде-бір рет тонауға ұшырамаған, құжаттарын жоғалтпаған және тамақтан уланбаған. Ұшақ рейстеріне байланысты да айтарлықтай қиындыққа тап болмаған.
Соған қарамастан, сақтық шараларын ұстанады. Қажет болған жағдайда пошта арқылы алдыру үшін қосымша төлқұжатын үйінде қалдырады. Ал сапар кезінде қолма-қол ақшадан гөрі банк картасын пайдаланғанды жөн көреді.
Түрлі елдегі қақтығыстар мен тұрақсыздықты көрген Анна бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін айтады.
Әлемдегі барлық соғыстың аяқталғанын қалаймын, – дейді саяхатшы.
Таиландқа 15 рет, Қытайға сегіз рет барған
Анна Фомина үшін саяхат – өмір салты. Әлемнің барлық елін аралап шыққанымен, ол бұрын барған мемлекеттеріне қайта оралудан жалықпайды. Мәселен, Таиландта 15 рет, Қытайда сегіз рет болған.
Оның айтуынша, бір елге қайта баруға себеп көп. Бұрын көрмеген жерлерді аралау немесе жаңа нәрсені байқап көру үшін сол мемлекетке бірнеше рет сапар шегуі мүмкін. Саяхатшы ұзақ жол мен қолайсыз жағдайларды да қиындық деп есептемейді.
Аптап ыстықта жайсыз көлікпен нашар жолда күні бойы жүру немесе ұзақ уақыт тамақ ішпеу мен үшін қиын емес. Мұның бәрі саяхаттың бір бөлігі. Осындай сәттердің өзі қызықты, – дейді Анна.
Ал әлемнің барлық елін аралап шығуды ол Эверест шыңына көтерілумен немесе Ironman жарысын аяқтаумен салыстырады.
Бұл – өз мүмкіндігіңді сынап, қолыңнан келетінін дәлелдейтін жетістік. Оған жету оңай емес, мұндай нәтижеге қол жеткізген адамдар да көп емес. Бірақ осыдан кейін өмір тоқтап қалмайды. Адам өзі жақсы көретін ісімен айналыса береді. Мен де саяхатымды жалғастырамын, – дейді ол.
Анна алдағы уақытта да өзі әлі көрмеген жерлерді аралауды жоспарлап отыр. Айтуынша, саяхаттаған сайын барғысы келетін орындар көбейіп келеді. Сондықтан ең алдымен денсаулығының жақсы болуын тілейді.
«Қазақстанның табиғатын ерекше жақсы көремін»
Анна Фомина Қазақстанда бірнеше рет болған. Новосибирск қаласында тұрған жылдары демалыс күндері жеке көлігімен Астанаға жиі келетін. Жолай шағын қалаларға тоқтап, тұзды көлдерді аралады. Алматыға да пойызбен барған кездері болған.
Кейін балаларымен бірге саяхаттағанда Алматы арқылы ұшып, қалада аялдап жүрді. Сол кезде жергілікті тағамдардан да дәм татқан.
Қазақстанның табиғатын ерекше жақсы көремін. Алдағы бірнеше жылда отбасыммен ұзақ уақытқа келіп, таулы аймақтарын аралағым келеді. Маңғыстауға да міндетті түрде баруды жоспарлап жүрмін, – дейді Анна.
«Саяхаттау үшін міндетті түрде алыс елге ұшудың қажеті жоқ»
Анна Фомина саяхат пен демалыстың айырмашылығы бар екенін айтады. Оның сөзінше, жаңа жерді танып-білу үшін қымбат қонақүйге орналасып, туристерге арналған орындарды аралау міндетті емес.
Әлемдегі адамдардың басым бөлігі қарапайым өмір сүреді. Олардың тұрмысын жақынырақ білу үшін жергілікті халықпен араласқан дұрыс. Мен әдетте бағасы қолжетімді қонақүйлерге тоқтаймын, қоғамдық көлікпен жүремін. Жергілікті тұрғындар тамақтанатын орындарға барып, көше тағамдарынан да дәм татамын, – дейді Анна.
Ол туристердің қауіпсіздік үшін қонақүй аумағынан шықпай, бүкіл демалысын сол жерде өткізуін құптамайды.
Міндетті түрде бейтаныс адамның үйіне қонудың қажеті жоқ. Бірақ биік дуалмен қоршалған, күзеті бар қонақүйден шықпай, тек сол жердегі мейрамханада тамақтансаңыз, барған еліңіз туралы не біле аласыз? Ондайда YouTube-тен бейнеролик көргеннен айырмашылығы шамалы, – дейді саяхатшы.
Анна сапарды алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Сондай-ақ саяхаттауға көп қаражат жұмсау немесе алыс мемлекетке бару міндетті емес екенін еске салады.
Саяхат дегеніміз жер шарының екінші шетіне ұшу ғана емес. Көрші қалаға екі сағатқа барып қайтудың өзі жаңа жерлерді көруге, бұрын білмеген дүниелерді тануға мүмкіндік береді, – дейді Анна Фомина.
