Қазақстанда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайтын конкурсқа кәсіби композиторлар мен ақындардан бөлек, өнерге енді қадам басқан авторлар да қатыса алады. Байқаудың шарттары мен әндерге қойылатын талаптар баспасөз мәслихатында таныстырылды.
Байқау Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін жаңа әндерді жарыққа шығаруға бағытталған. Ұйымдастырушылар әсіресе жастардың талғамына сай, заманауи бағыттағы патриоттық шығармалардың жазылуына мән беріп отыр.
Тапсырыспен жазылған ән халықтың жүрегінен орын ала ма?
Баспасөз мәслихатында ақын, Сарапшылар кеңесінің мүшесі Қалқаман Сарин арнайы байқау арқылы патриоттық ән жаздыру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол шығармашылыққа тапсырыс беру өнердің табиғатына қайшы келмейтінін айтып, тарихтан мысал келтірді.
Өнерге тапсырыс беру қаншалықты дұрыс? Ән байқау арқылы дүниеге келе ме? Әсіресе патриоттық әндер адамның жан дүниесінен, сезімінен тумай ма деген сұрақтардың болуы заңды. Бірақ тапсырыс беру дегеніміз – өнерді шектеу немесе нұсқаулық беру емес. Бұл – қоғамға қажетті тақырыптарға назар аударту. Әдебиет пен өнер тарихында түрлі шығармашылық тапсырыстар мен байқаулардың нәтижесінде дүниеге келген жақсы туындылар бар, – деді Қалқаман Сарин.
Ақын Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл туындының 1970 жылы Қазақстанның 50 жылдығына арналып жазылғаны туралы деректер бар. Қалқаман Сарин қоғамдық сұраныс пен шынайы шығармашылық ұштасса, халықтың жадында ұзақ сақталатын әндер дүниеге келуі мүмкін деп есептейді.
Байқауға қандай әндер қабылданады?
Конкурсқа бұрын еш жерде жарияланбаған және орындалмаған жаңа шығармалар ғана қабылданады. Қатысушылар әндерін үш бағыт бойынша ұсына алады:
Бір автор бірнеше бағыт бойынша бақ сынай алады.
Байқау ережесіне сәйкес, оған Қазақстан аумағында тұратын азаматтардың барлығы қатысуға құқылы. Ал шетелдегі қандастардың қатысуына қатысты мәселе әзірге қарастырылмаған. Дегенмен ұйымдастырушылар мұндай ұсыныстар түссе, оны Сарапшылар кеңесінің талқылауына шығаруы мүмкін.
Жасанды интеллект арқылы ән жазуға бола ма?
Сарапшылар кеңесінің мүшесі, композитор Ренат Гайсин байқауда шығарманың әуені мен мәтініне ерекше мән берілетінін айтты. Оның сөзінше, әннің есте сақталуы, мәтінінің тереңдігі және тыңдарманға әсері негізгі бағалау талаптарының қатарында.
Сондай-ақ ол қатысушылардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануына қатысты талаптарды түсіндірді.
Қазір көптеген ән Suno немесе басқа бағдарламалардың көмегімен жасалып жатыр. Біз жасанды интеллектті тек аранжировка жасау үшін қолдануға рұқсат береміз. Әнді MP3 немесе WAV форматында ұсынуға болады. Домбырамен орындасаңыз да, гитарамен орындасаңыз да, тіпті бір аспаптың сүйемелдеуімен жазсаңыз да қабылдаймыз. Ең маңыздысы – әуен мен мәтін, – деді Ренат Гайсин.
Композитордың айтуынша, байқауда заманауи музыкалық бағыттағы шығармаларға да көңіл бөлінеді. Себебі патриоттық әндер бүгінгі жастардың музыкалық талғамына сай болуы керек.
Жүлде қоры – 30 миллион теңге
Байқауда барлығы 10 жүлделі орын қарастырылған. Бас жүлде иегері 6 миллион теңге алады.
Бірінші орын үш қатысушыға беріледі. Олардың әрқайсысына 4 миллион теңгеден табысталады. Екінші орын алған үш автор 3 миллион теңгеден, үшінші орын иегерлері 1 миллион теңгеден алады. Жүлде қоры демеушілер есебінен қарастырылған.
Қатысушылардың шығармаларын композиторлар, ақындар және кәсіби музыка мамандарынан құралған Сарапшылар кеңесі бағалайды. Әннің көркемдік сапасы, авторлық идеясының ерекшелігі, мәтін мен әуеннің үйлесімі және кең аудиторияға таралу мүмкіндігі ескеріледі.
Өтінімдер қашанға дейін қабылданады?
Байқауға қатысу үшін жаңа шығармаларды 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs сайты арқылы жолдау қажет.
Жеңімпаздардың есімі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.
Жобаның басты ақпараттық серіктесі – «Хабар» агенттігі.
