Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Үлгілі ауылының маңында көпшілік біле бермейтін ерекше табиғи орын бар. Жергілікті халық оны «Айдаһар үңгірі» деп атайды. Ел аузындағы аңыз бойынша, ертеде мұнда түрлі дертке шипа тапқан адамдар болған. Бүгінде үңгір өңірдің киелі орындар картасына енгізілген. Алайда бұл жерді алғаш іздеп келген туристің бірден табуы екіталай. El.kz интернет басылымының тілшісі аңызға айналған үңгірге барып, оның бүгінгі жағдайымен танысып қайтты.
Үңгірге жету неге қиын?
Айдаһар үңгірі Зеренді ауданындағы Үлгілі ауылының маңында орналасқан. Табиғаты көркем, айналасын қарағай мен қайың көмкерген бұл өңір туристерді қызықтыруға әбден лайық. Алайда үңгірге жету біз ойлағандай оңай болмады.
Алдымен Үлгілі ауылына бардық. Елді мекенде тұрғындар өте аз. Көшеде жүрген адамды кездестірмедік. Сондықтан жергілікті тұрғындардан жол сұрап, үңгірдің нақты қай жерде орналасқанын анықтау мүмкін болмады.
Оның үстіне бұл маңда ұялы байланыс нашар ұстайды. Телефон арқылы картаны пайдаланып, бағыт анықтау да қиынға соқты. Үңгірге апаратын жолда арнайы белгі немесе бағыттаушы тақтайша да жоқ. Ақыры айналаны өзіміз шолып, біраз іздегеннен кейін ғана үңгірді таптық.
Бұл жағдай өңірдің туристік әлеуетін дамытуда назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі екенін көрсетті. Өйткені мұндай жерге алғаш келген адам оның қайда орналасқанын білмесе, таба алмай кері қайтуы да мүмкін.
Айдаһар үңгірінің ерекшелігі неде?
Үңгірдің ұзындығы – 27 метр, ені – 7 метр, биіктігі шамамен 3,5 метр. Кіреберісінің маңында қалың қарағай өсіп тұр. Сыртынан қарағанда үңгір аса үлкен болып көрінбейді. Алайда ішіне түскенде оның кеңдігі бірден байқалады.
Үңгірге төмен қарай түсіп кіруге болады. Ішінде үлкен тастар жатыр. Кейбір тастардың астына екі-үш ағаш тіреу қойылғанын байқадық. Олардың нақты қашан және қандай мақсатпен орнатылғаны белгісіз.
Бұл жердің табиғи қалпы ерекше әсер қалдырады. Айналадағы тыныштық, ағаштардың сыбдыры мен желдің үні үңгірдің жұмбақ көрінісін толықтыра түседі.
«Айдаһар үңгірі» атауының шығуына қатысты түрлі болжам бар. Соның біріне сәйкес, сыртынан шағын көрінгенімен, іші кең болғандықтан, халық арасында «мұнда айдаһар да сыйып кетер еді» деген түсінік қалыптасқан.
Үңгірде адамдарды емдеген емші өмір сүрген бе?
Айдаһар үңгіріне қатысты жергілікті халық арасында бірнеше аңыз сақталған. Соның бірі ертеде осы жерде өмір сүрген емші туралы.
Аңыз бойынша, бағзы заманда үңгірді мекендеген емші түрлі ауруға шалдыққан адамдарды емдеген. Оның алдына жету оңай болмағанымен, арнайы іздеп келгендер дертінен айығып қайтады деседі.
Кейін емші дүниеден өткенде, оның бойындағы шипалы қасиет үңгірде қалған деген сенім тараған. Содан бері жергілікті жұрт бұл орынды қасиетті санап, арнайы келетін болған.
Кейбір адамдар үңгірге рухани тыныштық іздеп, табиғат аясында демалу үшін барады. Халық арасында оның адам денсаулығына оң әсер ететіні туралы да әңгімелер айтылады.
Сондықтан мұндай түсініктерді жергілікті сенім мен аңыздың бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Үңгірдің пайда болу тарихы мен оны адамдардың ертеде мекендеген-мекендемегені де қызығушылық тудырады.
2008 жылдан бастап «Көкше» академиясының зерттеушілері Үлгілі ауылы маңындағы үңгірге қатысты ғылыми ізденістер жүргізген. Зерттеу барысында оның геологиялық ерекшеліктерін қарастырумен қатар, ежелгі адамдардың тұрағы болуы мүмкіндігіне де назар аударылған. Ғылыми жұмысқа белгілі археолог Виктор Зайберт кеңес берген.
Дегенмен үңгірдің ежелгі адамдар мекені болғанын растайтын нақты археологиялық қорытынды туралы ашық дерек жеткіліксіз.
Туристік бағытқа енген үңгір неге назардан тыс қалған?
Ақмола облысы тарихи және табиғи орындарға бай. Соның ішінде Зеренді ауданы өзінің орманды алқаптарымен, көлдерімен және киелі нысандарымен ерекшеленеді.
Ашық дереккөздерде ауданда 16 тарихи-киелі орын бары айтылады. Оларға туристік бағыттар әзірленген. Солардың бірі – Айдаһар үңгірі.
Алайда үңгірдің қазіргі жағдайына қарап, оны туристерге таныстыру және келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытында әлі де жұмыс қажет екенін байқауға болады. Ең алдымен, үңгірге апаратын жолды көрсететін белгілер жетіспейді.
Үңгір ішіндегі ағаш тіреулер де назар аудартты. Олардың қаншалықты қауіпсіз екенін мамандар анықтауы тиіс. Себебі мұндай табиғи нысандарды туристік бағытқа енгізгенде келушілердің қауіпсіздігі де ескерілуі керек.
Тағы бір мәселе – үңгірдің көпшілікке жеткілікті таныстырылмауы. Ол туралы интернетте мәлімет те аз. Басым бөлігі аңыз бен жалпы сипаттамадан тұрады. Ал нақты қалай жетуге болатыны, жолдың жағдайы және туристерге қандай мүмкіндік қарастырылғаны жөніндегі ақпарат шектеулі.
Айдаһар үңгірі – Зеренді өңірінің әлі де кеңінен таныстырыла қоймаған табиғи орындарының бірі. Оның тарихы, ел аузындағы аңыздары мен ерекше көрінісі саяхатшылардың қызығушылығын тудыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Айта кетейік, біз бұған дейін Зерендіде қалың қарағай ішінде жасырынған Үлгілі ауылы туралы жазған едік.
