Оқу жылы аяқталуға жақын. Дәл осы уақытта Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне қатысты бірқатар маңызды өзгеріс енгізді. Енді ұстаздар тест тапсырмай ма? Жаңа талаптар қандай? El.kz тілшісі негізгі өзгерістерге шолу жасады.
Ең басты жаңалық – мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тестінің жойылуы. Бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен қабылданған. Енді мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаздар аттестация кезінде тест тапсырмайды.
Бұл жарты жыл немесе бір жылдан кейін қайта келетін уақытша шара емес. Мұғалімдер біліктілік тестін бұдан былай тапсырмайды! Біз бұл кезеңді толық алып тастадық. Бірақ тестілеу университетті енді бітіріп, педагогика саласына енді ғана келген жас мамандар үшін міндетті болып қала береді. Өйткені оларға өз біліктілігін бастапқы кезеңде бір рет растау қажет, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова .
Яғни тест тек жас мамандар үшін сақталады, ал тәжірибелі мұғалімдер үшін толық жойылды.
Аттестация қалай өтеді: жаңа талаптар
Жаңа жүйеде мұғалімдер бұрынғыдай тестпен емес, нақты жұмыс нәтижесі арқылы бағаланады. Әр біліктілік санаты бойынша талаптар нақты белгіленген.
Мысалы, ең жоғары деңгей – педагог-шебер санатын алу үшін мұғалімдерге бірқатар талап қойылады. Олардың қатарында магистр немесе PhD дәрежесінің болуы, жылына кемінде 8 сабақ өткізу (оның ішінде онлайн және офлайн форматта), халықаралық деңгейдегі дағдылар (IELTS, CELTA секілді сертификаттар) және ғылыми жарияланымдар талап етіледі. Сонымен қатар кемінде 5 әріптеске тәлімгерлік жасап, сыныптан тыс жұмыстарға белсенді қатысуы керек.
Ал педагог-зерттеуші деңгейінде талаптар сәл жеңілдеу. Мұғалім жылына 6 ашық сабақ өткізіп, ғылыми мақалалар жариялап немесе оқу құралдарының авторы болуы тиіс. Сонымен бірге мектеп ішінде кемінде 3 педагогке әдістемелік қолдау көрсету міндеттеледі.
Келесі деңгей – педагог-сарапшы. Бұл санаттағы мұғалімдер аудан немесе қала деңгейінде жұмыс істейді. Олар жылына 4 ашық сабақ өткізіп, семинарлар мен конференцияларда тәжірибе бөлісуі қажет. Сондай-ақ кемінде бір әріптеске тәлімгерлік етеді.
Ал педагог-модератор деңгейі – мұғалімнің алғашқы кәсіби өсу сатысы. Бұл үшін кемінде 2 жыл еңбек өтілі болуы керек (магистр болса – 1 жыл жеткілікті). Мұғалім мектеп деңгейінде ашық сабақтар өткізіп, оқушылар мен өзінің жетістіктерін көрсетуі тиіс.
Қауіпсіздік пен тәрбие – негізгі назарда
Жаңа жүйеде тек білім беру ғана емес, мектептегі тәрбие мен қауіпсіздік те маңызды көрсеткішке айналған.
Атап айтқанда, мұғалімдердің жұмысы:
Бұл – педагогтің тек пән мұғалімі емес, бала қауіпсіздігіне жауапты тұлға екенін көрсетеді.
Бұрын тест тапсырғандар не істейді?
Жаңа өзгерістер тек тесті алып тастаумен шектелмейді. Сонымен қатар құжат тапсыру жүйесі де айтарлықтай жеңілдетілді. Бұрын мұғалімдер қағаз құжат жинап, түрлі мекемеден қол қойдырып жүрсе, енді портфолио толықтай электронды форматқа көшіріледі. Барлық материал арнайы цифрлық платформа арқылы тапсырылады. Бұған қоса көптен бері талқыланып келген авторлық бағдарлама талаптары да алынып тасталды.
Ал бұған дейін пәндік тест тапсырып үлгерген педагогтерге қатысты нақты шешім қабылданды. Министрлік мәліметінше, шамамен 51 мыңға жуық мұғалім тест тапсырған. Олар аттестация процесін бұрынғы жүйе бойынша аяқтайды. Ал тесттен өте алмаған немесе қайта тапсыру үшін тіркелген ұстаздардың төлемдері толық қайтарылады.
Сондай-ақ 2027 жылдың қаңтарына дейін бұл мұғалімдердің біліктілік санаты өзгеріссіз сақталады. Ал жаңа ереже күшіне енгеннен кейін аттестация процесі жаңартылған талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін мектептерде мазмұндама мен диктантты қайта енгізу мәселесі де көтерілген болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)
