Испанияның беделді Viajar туристік журналы Қазақстанға арналған арнайы материал жариялап, онда Алматы қаласының туристік әлеуетіне назар аударды. Басылым авторлары мегаполистің табиғаты мен мәдениеті көз тартатынын, белсенді демалыс ұйымдастыруға таптырмас бағыт екенін атап өткен.
Viajar қандай басылым?
Viajar – Испаниядағы ең танымал туристік журналдардың бірі. Ол 1978 жылдан бері ақпарат таратады. Саяхат, мәдени туризм, табиғат, гастрономия мен белсенді демалыс тақырыптарына маманданған. Журналдың негізгі аудиториясы – Испания және испан тілінде сөйлейтін елдердің тұрғындары. Басылым оқырмандарына жаңа бағыттарды таныстырып, саяхат маршруттарын ұсынады.
Мұндай журналдардағы жарияланымдар туристердің қай елге немесе қай қалаға баратынын таңдауға ықпал етеді. Сондықтан халықаралық туристік басылымдарда жарияланған мақалалар елдің туристік имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Алматы туралы не жазылған?
Viajar Қазақстанды табиғаты алуан түрлі әрі көпшілікке толық ашыла қоймаған бағыт ретінде таныстырады. Ал Алматыға келгенде авторлар қаланың бірнеше ерекшелігін атап өтеді. Журналдың мәліметінше, Алматының ең үлкен артықшылығы – қала өмірі мен табиғаттың қатар дамуы. Бірнеше минут ішінде қаладан шығып, Тянь-Шань сілемдеріне жетуге болатынын суреттеген.
Авторлар әсіресе қаланың Іле Алатауының етегінде орналасуын, Шымбұлақ тау шаңғысы курортын, Медеу мұз айдынын, әлемдік және қазақ асханасын ұсынатын мейрамханаларды, тарихи базарлар мен мұражайларды, жаяу серуендеу, трекинг, тау велосипеді және қысқы спорт түрлеріне қолайлы жағдайды ерекше атап өткен.
Журналдың пікірінше, Алматы – қыста да, жазда да саяхаттауға болатын сирек қалалардың бірі. Бұған дейін де олар оңтүстік астананы жоғары бағалаған. Бұл Viajar-дың Алматыға алғаш рет назар аударуы емес. 2025 жылдың соңында журнал Алматыны тау шаңғы курорттары қалаға ең жақын орналасқан әлемдегі үздік бес қаланың қатарына енгізді. Рейтингте Алматы Австриядағы Инсбрук, Франциядағы Шамони, Канададағы Уистлер және Швейцариядағы Церматт сияқты әйгілі туристік орталықтармен қатар аталды. Viajar мақаласында қаладан бірнеше минутта әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы инфрақұрылымына қатынауға болатынымен түсіндіреді.
Шетелдік басылымдардың назарында жүрген қала
Туристік индустрияда Viajar сияқты журналдар жаңа бағыттарды насихаттайтын маңызды ақпарат көздерінің бірі саналады. Көптеген саяхатшылар жаңа елге барар алдында дәл осындай журналдардағы шолуларды, маршруттарды, қонақүй мен көрікті орындарға қатысты ұсынымдарды оқиды. Сондықтан Қазақстан туралы мұндай материалдың жариялануы испаниялық және жалпы испан тілінде сөйлейтін туристердің қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Кейінгі жылдары Алматы халықаралық медианың назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, Euronews Алматыны Азиядағы қысқы туризмнің болашағы зор орталықтарының бірі ретінде атап өтті. Басылым қаладағы тау шаңғысы инфрақұрылымының дамуын, халықаралық жарыстардың өткізілуін және Шымбұлақтың әлемдік деңгейдегі курортқа айналып келе жатқанын жазды.
Ал The Economic Times Алматыны 2026 жылғы жазғы демалысқа арналған ең қолайлы жеті бағыттың қатарына енгізіп, қаланың тау табиғаты, Үлкен Алматы көлі және салқын климатына ерекше назар аударды.
Халықаралық туристік журналдардағы мұндай жарияланымдар Қазақстанның туристік брендіне оң әсер етеді. Әсіресе, Алматының табиғаты, тау туризмі, гастрономиясы мен мәдени өмірінің жоғары бағалануы қаланың шетелдік туристер арасындағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Viajar сияқты беделді басылымдардың назарына ілігу – Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы беделін күшейтіп, елге туристер тартуға таптырмас мүмкіндік.
